Ақтөбе тұрғыны су мен жарықты тексереміз деген алаяқтарға сеніп, 4,5 млн теңгесінен айырылып қалды
Алаяқтар 1414 нөмірінен келген SMS-хабарламадағы растау кодын сұраған
Ақтөбенің 39 жастағы тұрғыны есептегішті тексереміз деген алаяқтарға сеніп, 4,5 миллион теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жәбірленушінің айтуынша, оған WhatsApp мессенджері арқылы өзін электр энергиясымен қамтамасыз етуші мекеменің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласқан. Ол электр есептегішін тексеру және ауыстыру қажеттігін айтып, 1414 нөмірінен келген SMS-хабарламадағы растау кодын сұраған.
Кодты айтқаннан кейін тұрғынға өзін мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған өзге адамдар қоңырау шалған. Олар оның атына алаяқтар несие рәсімдеп жатқанын айтып, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екеніне сендірген. Алаяқтардың нұсқауын орындаған ақтөбелік көрсетілген шотқа 4,5 миллион теңгеден астам ақшасын аударып жіберген.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция азаматтарды қырағы болуға және бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Ешқашан SMS арқылы келген растау кодтарын, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеңіздер. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді қоңырау қабылдасаңыз, дереу 102 арнасына хабарласыңыз», – делінген облыстық ПД хабарламасында.