Бурабайдың басты вокзалы жаңғыртылды
Бұл нысан туристік аймақтарда орналасқан жаңғыртылатын 20 теміржол вокзалының бірі саналады
Ақмола облысындағы «Курорт-Бурабай» теміржол вокзалы күрделі жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов пен Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бурабай – еліміздегі ең танымал туристік орындарының бірі. Сондықтан курортқа келетін туристердің алғашқы аялдамасы саналатын вокзал инфрақұрылымын жаңарту мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып отыр. «Курорт-Бурабай» – туристік аймақтарда орналасқан жаңғыртылатын 20 теміржол вокзалының бірі саналады.
Жөндеу барысында вокзалдың сыртқы келбеті толық жаңартылып, ішкі бөлмелері заман талабына сай қайта жабдықталды. Инженерлік желілер ауыстырылып, жолаушыларға арналған күту залдары жайлы етілді. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз қозғалуына жағдай жасалған.