Шілде айында қай өңірлерде қуаңшылық болуы мүмкін: «Қазгидромет» болжамы жарияланды

Құрғақшылық қаупі бар аймақтар аталды

Шілде айында қай өңірлерде қуаңшылық болуы мүмкін: «Қазгидромет» болжамы жарияланды
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

«Қазгидромет» мамандары 2026 жылғы шілде айына арналған құрғақшылық туралы алдын ала болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, шілде айында еліміздің бірқатар өңірінде орташа деңгейдегі қуаңшылық болуы мүмкін. Мұндай жағдай ең алдымен егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға әсер етуі мүмкін.

Қуаңшылық қаупі бар аймақтардың қатарында Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының бірнеше ауданы бар.

Атап айтқанда, құрғақшылық Павлодар облысының Ақтоғай, Ертіс, Железин, Успен, Шарбақты және Май аудандарында, Қарағанды облысының Ақтоғай, Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Қарқаралы және Шет аудандарында байқалуы мүмкін.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы және Жетісу облыстарының бірқатар аудандары да қуаңшылық қаупі жоғары аумақтардың қатарына енді.Ал Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының кейбір аудандарында да жауын-шашын мөлшерінің аз болуы болжанып отыр.

Сонымен қатар мамандар Қостанай облысының Қарабалық және Жітіқара аудандарында, Ақтөбе облысының Мәртөк, Ойыл, Хромтау аудандарында және Ақтөбе қаласы маңында орташа ылғалды жағдай қалыптасатынын хабарлады.

«Қазгидромет» бұл болжамның алдын ала жасалғанын ескертіп, ауа райы жағдайына байланысты мәліметтер алдағы уақытта нақтылануы мүмкін екенін айтты.