Алматыда Габон мен Вьетнам елдеріне қыдырып барып келген бірнеше адамнан безгек анықталды
Алматыда жыл басынан бері безгектің төрт жағдайы тіркелген
Алматыда бір апта ішінде безгек ауруының екі жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, инфекция шетелден келген азаматтардан анықталған. Науқастардың бірі Габонға жасаған іссапардан, екіншісі Вьетнамға барған туристік сапардан кейін елге оралған.
Осылайша, жыл басынан бері Алматы қаласында сырттан әкелінген безгек ауруының төрт жағдайы тіркеліп отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың бірінен тропикалық безгек анықталған. Бұл – аурудың ең қауіпті түрлерінің бірі. Уақытында емделмесе, инфекция миға, бауырға, бүйрекке және тыныс алу жүйесіне зақым келтіріп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Ал екінші науқастан үш күндік безгек анықталған. Мамандардың айтуынша, бұл түрі салыстырмалы түрде жеңіл өтеді. Дегенмен оның қоздырғышы ағзада ұзақ уақыт сақталып, бірнеше айдан кейін қайта сыр беруі ықтимал.
Қазіргі уақытта екі науқас та ауруханада ем қабылдап жатыр. Аурудың таралуына жол бермеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізілуде.
Мамандар безгек ауруы Anopheles тұқымдасына жататын масалардың шағуы арқылы жұғатынын ескертеді. Ауру қол алысу, құшақтасу, ортақ ыдыс пайдалану, тамақ немесе су арқылы жұқпайды. Сондай-ақ ауа арқылы таралмайды.
Денсаулық сақтау мамандары безгек кең таралған елдерге баратын азаматтарға алдын ала сақтық шараларын сақтап, масадан қорғайтын құралдарды қолдануға және сапар алдында дәрігерлерден кеңес алуға кеңес береді.