Қазақстан Ауғанстанмен теміржол, сауда және тау-кен саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек

Бұл – соңғы төрт жылдағы белсенді гуманитарлық және іскерлік байланыстар аясындағы Қазақстан вице-премьерінің Ауғанстан Премьер-министрі Мохаммад Хасан Ахундпен өткен алғашқы ресми кездесуі

Қазақстан Ауғанстанмен теміржол, сауда және тау-кен саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ауғанстанға жасаған сапары аясында ел басшылығымен бірқатар маңызды кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тараптар сауда, көлік-логистика, тау-кен металлургия кешені және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мәселелерін пысықтады, 

Бұл – соңғы төрт жылдағы белсенді гуманитарлық және іскерлік байланыстар аясындағы Қазақстан вице-премьерінің Ауғанстан Премьер-министрі Мохаммад Хасан Ахундпен өткен алғашқы ресми кездесуі.

Қазақстан Орталық Азиядағы металл өңдеу бойынша жетекші технологиялық орталық ретінде Ауғанстанның пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге ниетті. Кездесулер барысында бірқатар нақты жоба талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан әлемде техникалық аквамаринді өңдеу құзыретіне ие санаулы елдердің бірі ретінде бұл шикізатты Ауғанстаннан шығарып, елімізде өңдеу мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Бамиан провинциясындағы Пами-Какрак кен орнынан алынған мырыш рудасына жүргізілген химиялық талдау оның қазақстандық кәсіпорындарда өңдеуге толық жарамды екенін көрсетті. Бұдан бөлек, ERG компаниясы Ауғанстандағы хром кен орындарын барлау және игеру жұмыстарына өз тәжірибесі мен заманауи технологиялық шешімдерін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Инфрақұрылымдық жобалар аясында көлік дәліздерін дамытуға ерекше басымдық берілді.

«Біз Пәкістанның Карачи және Гвадар порттары бағытына қарай 10 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауды қамтамасыз ете алатын Central Asia – South Asia (CASA) Трансауған көлік дәлізін қолдаймыз. Сондай-ақ өзбек және түрікмен серіктестермен бірге Мазари-Шариф пен Тұрғұндыдан Гератқа дейінгі теміржол құрылысына қатысуға дайынбыз», — деді Серік Жұманғарин.

Қазіргі уақытта Қазақстан Хафт – Герат теміржол учаскесінің құрылысын аяқтауға жақын.

Қазақстан өңір елдерінің ішінде бірінші болып Ауғанстанға өнімдерін ұлттық сауда желілері арқылы тікелей сатудың практикалық механизмін ұсынды.

Жақын арада Қазақстанның ірі сауда орталықтарына Ауғанстаннан анар, жүзім, өрік, алқа, қарбыз, қауын және ерте пісетін көкөністер мен жаңғақтар жеткізіле бастайды. Өз кезегінде Қазақстан Ауғанстанға, соның ішінде Герат бағытына ұн жеткізу көлемін арттыруды көздеп отыр.

Кездесу соңында тараптар өзара есеп айырысудағы қаржылық кедергілерді жоюдың нақты шараларын бекітіп, телекоммуникация мен гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге уағдаласты.