ШҚО-да далада түнеуден қорыққан қытайлық туриске полицейлер көмекке келді

Саяхатшы Марқакөл көліне қарай бет алған

ШҚО-да далада түнеуден қорыққан қытайлық туриске полицейлер көмекке келді
Фото: © istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары Қазақстан бойынша велосаяхатқа шыққан Қытай азаматына көмектесті. Далада жалғыз қонуға қорыққан шетелдік қонақ «102» жедел желісіне қоңырау шалып, көмек сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, саяхатшы Марқакөл көліне қарай бет алған. Кешкі уақытта ол Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласына жетіп, түнеу үшін шатырын құрған. Алайда бейтаныс орта мен түннің қараңғылығы туристің зәресін ұшырып, мазасыздық тудырған соң, ол полицияға хабарласуды жөн көрген.

Шақырту орнына Серебрянск қалалық полиция бөлімінің бастығы Талғат Забитов пен қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Азамат Ғали жедел жетті.

Олар жағдайды анықтағаннан кейін, шетелдік қонақты түнде далада қалдырмауға шешім қабылдады. Полицейлер туристі өз үйлеріне шақырып, демалуына жағдай жасады және қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.

ІІМ таратқан ақпаратқа сүйенсек, қытайлық велотурист көрсетілген көмек пен қазақстандықтардың қонақжайлылығына өте жоғары баға беріп, ризашылығын білдірген.

Келесі күні таңертең шетелдік жиһанкез демалып, күш жинағаннан кейін Марқакөл көліне қарай сапарын қайта жалғастырды.