Шымкентте өрт салдарынан сегіз баланың анасы көз жұмды

Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған 

Шымкентте өрт салдарынан сегіз баланың анасы көз жұмды
Фото: © istockphoto.com

Шымкенттің Қайнарбұлақ шағын ауданында жер үй өртеніп, 39 жастағы әйел көз жұмды. Марқұмның артында сегіз баласы қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға куәгерлерінің мәліметінше, апатқа ұшыраған отбасы үй жағдайында көрпе-төсек тігумен айналысқан. Осы мақсатта үйде 6-7 тоннаға жуық мақта сақталған. Тез тұтанатын шикізаттың көп болуы жалынның тым жылдам әрі жойқын таралуына себеп болған. Өрттің басталу сәті маңайдағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Өрт басталған сәтте отағасы мен отбасының 17 жастағы үлкен ұлы әйелді сыртқа алып шығуға ұмтылған. Жасөспірім анасын үйден алып шыққанымен, әйел алған жарақаттарынан көз жұмды.

«Әйелімді құтқара алмадым, ол іште қалған еді. Біз мақтамен жұмыс істейтіндіктен, от бірден лап етті. Өртті сөндіруге, әйелімді аман алып қалуға соңына дейін тырыстым. Бірақ үлгермедік. Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған екен», — дейді марқұмның жолдасы Айдос Боранбаев.

Көршілердің айтуынша, өрт кезінде кішкентай балалар сыртқа шығып үлгерген. Қазіргі уақытта балалар аман, бірақ қатты қорқып қалған. 

«Естіген бойда жүгіріп келдік. Келсек, бәрі лаулап жанып жатыр, ештеңе қалмапты. Балалар сыртта қорыққаннан не істерін білмей жүрді. Құдай сақтап, олар аман қалды», — дейді қала тұрғыны Ержан Ырысбаев.

Анасын құтқармақ болған үлкен ұлының денесін күйік шалса, үлкен қызы шошынып қалып, ауруханаға жеткізілген. Кіші балалар қауіпсіз жерде.