Жамбыл облысында бір аптада ауруханаға жатқызылған науқастар саны 16 пайызға азайды
Облыста коронавирус жұқтырғандардың 45 пайызы жазылып шықты
Жамбыл облысында коронавирус инфекциясының 3122 жағдайы тіркелді. Бір апта ішінде ауруханаға жатқызылған науқастар саны 16 пайызға азайды. Коронавирус жұқтырғандардың 45 пайызы жазылып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жалпы төсек сыйымдылығы 715-тен 1780 төсекке дейін артты. Уақытша стационарлардағы төсек жүктемесі 33 пайызға, ал реанимация бөлімшелерінде 13 пайызға азайды. Бүгінгі таңда COVID-19 және пневмониямен ауыратын науқастарды емдеу үшін стационарлық төсек-орындары жеткілікті. Аурухана қызметкерлеріне арналған жеке қорғаныс құралдарының резерві қалыптастырылды. Төсек қорын қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде», - жеп жазылған хабарламада.
Облыста қолданыстағы 146 ӨЖЖ аппаратынан бөлек, қосымша 250 оттегі концентраторы, 62 ӨЖЖ аппараты (олардың 19-ы жеткізілген), 270 оттегі концентраторы (200-і жеткізілген) сатып алынады. Жедел жәрдем бригадаларының саны 68-ден 92-ге жетті, ал 18-23 шілде аралығында жедел жәрдемді шақырушылар саны 10 пайызға төмендеген.