Қазақстанда халықаралық көлік дәліздері бойынша 7 терминал салынады

Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктердің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді

Қазақстанда халықаралық көлік дәліздері бойынша 7 терминал салынады
Фото: Freepik

Қазақстанда халықаралық көлік дәліздерін дамыту аясында Шығыс - Батыс және Солтүстік - Оңтүстік бағыттары бойынша қосымша 7 жаңа логистикалық терминал салу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің негізгі көлік-логистикалық маршруттары бойында 7 терминал жұмыс істеп тұр. Оларға қосымша салынып жатқан жаңа инфрақұрылым жобалары Қазақстанның бірыңғай логистикалық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.

«Еліміз Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа, Парсы елдері және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасында маңызды байланыстырушы көпір. Ресми деректерге сәйкес, Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктердің шамамен 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Сонымен қатар, елімізде және шетелде терминалдарды дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Соның нәтижесінде Қазақстанның бірыңғай логистикалық экожүйесі қалыптасып келеді. Бұл жүйе, Шығыс - Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы негізгі көлік-логистикалық тораптарды қамтиды. Қазіргі кезде маршрут бойында жеті терминал бар. Қосымша тағыда жеті терминал саламыз», - деді министр.