Абай облысында 10 теміржол вокзалы жөнделіп жатыр

Екі жаңартылған вокзал пайдалануға берілген 

Абай облысында 10 теміржол вокзалы жөнделіп жатыр
Фото: Көлік министрлігі

Абай облысының әкімі Берік Уәли Үкімет отырысында өңірдегі вокзал инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Ауыл және Белағаш стансаларында құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Қалған сегіз бағыт бойынша жоғары динамика байқалуда: соңғы айда дайындықтың орташа көрсеткіші 32,5%- дан 40,1%-ға дейін өсті.

«Қазіргі таңда жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған 6 вокзал бойынша, атап айтқанда Ақтоғай, Дегелең, Шар, Үшбиік, Жарма және Жалаңашкөл нысандары бойынша мердігер ұйымдарға шарт сомасының 20% мөлшерінде қосымша аванс төленді. Семей және Аягөз ірі тораптары бойынша әкімдіктің кепілдік хаттары негізінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ жобалар құнының 50% мөлшерінде аванс төленді, бұл Семей вокзалындағы жұмыстарды екі ауысымдық режимге ауыстыруға және құрылысшылар штатын 156 адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сегіз вокзал бойынша көзделген құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімдерге сәйкес қарқынды жүргізілуде», - деді Берік Уәли

Әкім құрылыс жұмыстарының орындалу барысын бақылау мақсатында күнделікті мониторинг ұйымдастырылып, жіті бақылауға алынғанын атап өтті.