Қарағандыда жас жігіт мотоцикліне мініп, полициядан қашқан (ВИДЕО)

Оның жол ережесін бірнеше рет бұзғаны анықталды

Қарағандыда жас жігіт мотоцикліне мініп, полициядан қашқан (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Қарағандыда 18 жастағы жас жігіт полицейлерден қашқан сәтін видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялаймын деп басы дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Қарағанды қаласында мотокөлікпен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай қашқан әрекеттерін әлеуметтік желілерде жариялаған 18 жастағы тұрғын анықталып, жауапкершілікке тартылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім эндуро санатындағы мотокөлікті жүргізіп, қала көшелерінде жылдамдық режимін бірнеше рет бұзған. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабын елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, өзгелерге қауіп төндірген. Ол осы әрекеттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялаған.

«Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталып, ұсталды. Тексеру барысында оған қатысты: бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту; Ішкі істер органдары қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау; көлік құралын мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқару; жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделді», – делінген ПД хабарламасында.