Астана – Қарағанды бағытында жаңа теміржол салынады
Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу жоспары белгіленген
Теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында 754 шақырым жаңа жол салынып, 3 мың шақырым жолда модернизациялау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанда жүк вагондар нарығы толықтай бәсекелестік ортада. Парк саны шамамен 147 мың бірлік. Оның көп бөлігі жеке меншік операторларда. Тасымалдау тиімділігін арттыру мақсатында жаңарту жұмыстары жалғасуда», - деді министр.
Нәтижесінде тасымалдау мүмкіндігі мен транзиттік әлеует артады.
«Теміржол желісінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру үшін бірқатар жаңа жобаларды ұсынамыз. Олардың қатарында Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Сондай-ақ Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарын модернизациясы жоспарланған», - деді көлік министрі.