Ақтөбе тұрғындарын алдап, ақша жымқырған алаяққа қатысты сот басталды
31 жастағы азамат жұмыссыз жүрген адамдарға шахтадан айлығы 500-700 мың теңге болатын жұмыс тауып бере алатынын айтқан
Ақтөбе қаласында жұмыс іздеген азаматтар мен шаруаларды алдап, ірі көлемде шығынға батырған ер адам сот алдында жауап беріп жатыр. Ол өзіне сеніп тапсырылған миллиондаған қаражатты букмекерлік кеңседе бәске тігіп, ұтылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Диапазонға сілтеме жасап.
Сот талқылауы барысында анықталғандай, 31 жастағы ақтөбелік азамат жұмыссыз жүрген адамдарға шахтадан айлығы 500-700 мың теңге болатын жұмыс тауып бере алатынын айтқан.Оның бұл уәдесіне бірнеше тұрғын сеніп, «жұмысқа тұру үшін» оған жалпы көлемі 3 миллион теңгеге жуық ақша берген. Тіпті, алданғандардың бір бөлігі алаяққа беретін ақшаны қолдарында болмағандықтан, банктерден несиеге алуға мәжбүр болған.
Күдікті уәдесін орындамаған және алған қаражатты өз қажеттілігіне емес, бірден букмекерлік кеңседегі шотына аударып, бәске тігіп, толығымен ұтылып қалған.
Тергеу барысында алаяқтың бұл схеманы тек жұмыссыздарға ғана емес, ауылдық жердегі шаруаларға да қолданғаны белгілі болды. Ол мал өнімдерін өткізіп беремін деп фермерлердің сеніміне кірген.
Қылмыстық істегі негізгі эпизодтардың бірінде күдікті бір шаруадан сату үшін 8 бас жылқыны алып кеткен. Тергеу мәліметінше, малдың жалпы құны шамамен 3,9 миллион теңгені құраған. Алайда жылқыларды сатып жібергеннен кейін ол түскен қаржыны иесіне қайтармаған. Оның орнына ақшаны букмекерлік кеңседе ұтып жібергені анықталған.
Бұл қылмыстық іс бойынша айыпталушының мойнында жалпы саны жеті қылмыс бар. Сот залында ол өз кінәсін толықтай мойындады.
Дегенмен, күдікті судьядан өзін бас бостандығынан айырмауды сұрап, қазіргі уақытта ресми түрде жұмыс істейтінін алға тартты. Ол егер түрмеге қамалмай, бостандықта қалса, алдағы уақытта зардап шеккен азаматтардың барлығына келтірілген материалдық шығынды толық өтеп беруге уәде берді. Сот процесі жалғасып жатыр.