Семейде өртенген тұрғын үйден екі газ баллоны шығарылды

Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр

Семейде өртенген тұрғын үйден екі газ баллоны шығарылды
Фото: © istockphoto.com

Семей қаласындағы саяжайлардың бірінде тұрғын үй отқа оранып, төтенше жағдай тіркелді. Тілсіз жаумен күрескен мамандар қауіптің алдын алып, үлкен апатқа жол бермеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖМ таратқан мәліметке сәйкес, өрт «Бобровка» саяжай қоғамы аумағында орналасқан үйлердің бірінен шыққан. Шақырту бойынша оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері шұғыл түрде келіп жетті. Мамандар барлау және өртті ауыздықтау жұмыстарын жүргізу кезінде үй ішінде жарылыс қаупі бар заттардың барын анықтаған.

Өрт сөндірушілер жалындап жатқан үйдің ішінен екі газ баллонын қауіпсіз жерге алып шыққан. Бұл қадам тұрғын үйде жойқын жарылыстың болуына және оттың маңайдағы өзге де құрылыстарға таралуына жол бермеді. Жоғары кәсібилік танытқан құтқарушылардың арқасында тілсіз жау көп ұзамай оқшауланып, толықтай ауыздықталды.

«Өрт 36 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебі мен келтірілген материалдық шығын көлемін анықтап жатыр.