Атырау облысында қолайсыз ауа райынан 1200-ден астам мал қырылды
Жағдайды анықтау үшін «Жылыой аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК-ның бес маманы мен арнайы техникасы тиісті орындарға аттанды
Атырау облысының Жылыой ауданында маусым айының басында болған қолайсыз ауа райы шаруаларды үлкен шығынға батырды. Бірнеше шаруа қожалығы 1200-ден астам ұсақ мүйізді малын жоғалтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылдың 2–3 маусымында Сарықасқа және Желтау аумақтарында шамамен 15 сағат бойы толассыз нөсер жаңбыр жауып, қатты жел тұрған. Соның салдарынан аталған өңірлерде қой мен ешкінің жаппай қырылуы тіркелді.
Оқиға туралы ақпарат түскен бойда жағдайды анықтау үшін «Жылыой аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК-ның бес маманы мен арнайы техникасы тиісті орындарға аттанды.
Тексеріс қорытындысы бойынша Қосшағыл ауылдық округі, Құлсары қаласы және Майкөмген ауылдық округі аумағындағы шаруашылықтарда ірі шығын тіркелген. Ресми мәліметке сәйкес, аталған аумақтарда жалпы саны 1238 бас ұсақ мал қырылғаны анықталған. Қазіргі уақытта шығын көлемін нақтылау және оның себептерін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Мамандардың алдын ала берген қорытындысына сүйенсек, малдың жаппай шығын болуына олардың жуырда ғана қырқылуы себеп болған.
Жаңа ғана жүні қырқылған қойлар мен ешкілер ұзақ уақыт бойы нөсер жаңбыр астында қалып, қатты суық тиген. Сонымен қатар, олар жауыннан пайда болған батпаққа батып, қозғала алмай қалған.
«Жазғы жайылымға айдалған мал үшін арнайы ықтасындар мен қора-қондардың болмауы да жағдайды қиындатып жіберді», — деп атап өтті Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Жанғазы Еркінов.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта қырылған мал өлекселерін жинау және оларды санитарлық талаптарға сай жою жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.