15 маусым күні ауа райы қандай болады
Дүйсенбі күні республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы құбылмалы болады
Қазақстан аумағында жаңа аптаның басында қолайсыз ауа райы сақталып, бірқатар өңірде дауылды ескерту күшіне енеді. Синоптиктер найзағай ойнап, бұршақ жауатынын, ал кей өңірлерде қалыптан тыс ыстық болатынын болжап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің мәліметінше, 15 маусым дүйсенбі күні республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронттардың әсерінен ауа райы құбылмалы болады. Ел аумағында өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді және бұршақ түсуі мүмкін.
«Қазақстанның батысы мен солтүстігінде қатты нөсер жаңбыр жауады деп күтілуде. Республика бойынша желдің күшеюі мен дауыл болжанады. Ал батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде түнде және таңертең қою тұман түседі», — делінген ресми хабарламада.
Елдің бір бөлігінде жаңбыр жауса, оңтүстік және шығыс өңірлерде күннің аптап ысуы жалғасады.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар өңірінде күндіз ауа температурасы +35…+39°C дейін көтеріліп, аптап ыстық сақталады. Қатты ыстық күтілетін өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстары бар. Тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта болмау, көбірек су ішу және күннен қорғану шараларын сақтау ұсынылады.
Ауа райының құрғақ әрі ыстық болуына байланысты еліміздің басым бөлігінде өрт қаупі жоғары деңгейде қалып отыр.
• Төтенше өрт қаупі: Қызылорда, Түркістан облыстарында, Абай облысында, Батыс Қазақстанның қиыр батысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Қостанайдың оңтүстік-батысында, Ақмола мен Павлодар облыстарының шығысында, Қарағанды облысының батысы, шығысы мен орталығында, Шығыс Қазақстанның оңтүстігінде, Жамбылдың батысы мен оңтүстігінде, Алматы облысының солтүстігінде және Жетісу облысының шығысында сақталады.
• Жоғары өрт қаупі: Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ұлытау облыстарында, Батыс Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында, Маңғыстау мен Жетісудың батысында, Қостанайдың оңтүстігінде, Ақмоланың орталығында, Павлодардың солтүстігінде, Алматы облысының батысы, солтүстігі, орталығы мен оңтүстігінде, Түркістан облысының оңтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында күтіледі.