Павлодарда мал суаратын шұңқырға шомылған бозбала суға батып кетті
ТЖД тыйым салынған орындарда суға түсу адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін ескертеді
Павлодарда 9 маусым күні жасөспірім суға батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде шомылуға арналмаған, мал суаруға пайдаланылатын жасанды қазаншұңқырда 2009 жылы туған жасөспірімнің суға батып кеткенін мәлімдеді.
«Оқиға туралы хабар түскеннен кейін Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмысы барысында жедел-құтқару жасағының қызметкерлері қаза тапқан жасөспірімнің денесін тауып, судан шығарды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады ТЖД.
Төтенше жағдайлар департаменті жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, оларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау және судағы қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жүргізу қажет.