Ақтау көшелерін енді робот иттер күзетеді
Ішкі істер министрлігі бұл жобаның болашағы зор екенін айтты
Маңғыстау облысының орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар іске қосылды. Ақтау қаласының полиция қызметіне арнайы робот иттер жұмылдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бұл технологиялық жаңалық көшелерді патрульдеу және қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау сапасын жаңа деңгейге көтермек. Төрт аяқты темір құрылғылар қоғамдық орындардағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау, сондай-ақ бейнебақылау камералары арқылы ақпаратты нақты уақыт режимінде (онлайн) Жедел басқару орталығына жолдау сияқты маңызды міндеттерді атқарады.
Бұған қоса, заманауи роботтар көшедегі күдікті заттарды өздігінен тауып, түтін мен өрт ошақтарын тіркеуге қауқарлы. Ондай жағдайда құрылғы шұғыл қызметтерге автоматты түрде дабыл белгісін жібереді.
Ішкі істер министрлігі бұл жобаның болашағы зор екенін айтты. Тәжірибелік кезеңнен кейін робот иттердің атқаратын функциялары бұдан да арта түспек.
«Болашақта бұл платформаларды арнайы және антитеррорлық операцияларға ресми түрде заңдастыруды жоспарлап отырмыз. Техникалық жақсартулардан кейін роботтар қауіпті нысандарды тексеріп, жарылғыш зат сияқты қауіпті дүниелерді адам өміріне қатер төндірмей тасымалдай алатын болады», — деп атап өтті мекеме өкілдері.
ІІМ мәлімдеуінше, мұндай озық технологияларды енгізу қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттырып, кез келген қатерге жедел әрі дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Ақтау тұрғындары мен қонақтары бұл жаңашылдықты қала көшелерінен көре алады.