Астанада тоғызыншы қабаттан секірмек болған жасөспірім құтқарылды

Оқиға Б. Майлин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған

Астанада тоғызыншы қабаттан секірмек болған жасөспірім құтқарылды
Фото: ТЖМ

Елордалық құтқарушылар жасөспірім қыздың өмірін сақтап қалды. Көпқабатты үйдің терезесінен секірмек болған тұрғын туралы хабарлама бүгін, 31 мамырда келіп түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, оқиға Б. Майлин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Ақпарат түскен бойда оқиға орнына ТЖМ құтқару жасағының қызметкерлері жедел жетті.

Жасөспірім қыз 9-қабаттағы пәтердің терезе алды тақтайшасында тұрған. Құтқарушылар қауіптің алдын алу үшін үйдің алдына арнайы үрлемелі «өмір кубын» құрған.

Құтқарушылардың уақытында және нақты ұйымдастырылған іс-әрекетінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілмеді.

«Мамандар пәтердің есігін бұзып ашып, ішке кірді. Терезеде тұрған қызды дереу тартып алып, қауіпсіз жерге шығарды», — деп хабарлады ТЖМ өкілдері.

Ресми ақпарат бойынша, құтқарылған жасөспірім 2010 жылы туған. Қазіргі уақытта жас қыздың мұндай қадамға баруына не себеп болғаны және оқиғаның толық мән-жайы құзыретті органдар тарапынан анықталып жатыр.