Алматыда дрифт жасаған жүргізуші көлігінен айырылды
Оқиға қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінің көлік тұрағында болған
Алматы қаласында өзінің Mercedes маркалы автокөлігімен түнгі уақытта дрифт ұйымдастырған жүргізуші әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, оның көлігі арнайы айып тұрағына жөнелтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға түнгі сағат 01:30 шамасында қаладағы ірі сауда орталықтарының бірінің көлік тұрағы аумағында болған.
«Mercedes автокөлігінің жүргізушісі айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қоғамдық тәртіпті бұза отырып, дрифт элементтерін орындаған. Осы дерек бойынша құқық қорғау органдары жедел жұмыс жүргізді», — деп атап өтті мекеме өкілдері.
Тәртіп сақшылары заң бұзушыны анықтап, оған қатысты бірден бірнеше құқық бұзушылық бойынша әкімшілік материал толтырды. Атап айтқанда, жүргізушіге жол жабынын зақымдағаны, міндетті сақтандыру полисінің болмағаны, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны және көлікті техникалық байқаудан өткізбей пайдаланғаны үшін жауапкершілік жүктелді.
Сонымен қатар, жүргізушінің бұл әрекеті «Ұсақ бұзақылық» ретінде сараланды. Соттың шешімімен құқық бұзушы азамат 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, ал оның Mercedes көлігі эвакуатормен айып тұрағына жеткізілді.