Астанада автобус ішінде балағат сөздер айтқан жолаушы қамауға алынды
Құқық бұзушы 51 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты
Астана қаласында қоғамдық автобус ішінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларға агрессия көрсеткен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қоғамдық тәртіптің бұзылу дерегі әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгілі болған. Желіде қалалық автобус жолаушыларының бірі өзін өте дөрекі ұстап, айқайлап, балағат сөздер айтқаны бейнеленген бейнежазба таралған.
«Әлеуметтік желілерді тексеру кезінде қалалық автобус ішінде қоғамдық тәртіпті бұзған жолаушының видеосы анықталды. Ер адам айналасына агрессивті мінез көрсетіп, балағат сөздер айтқан», — деп хабарлады Астана қалалық Полиция департаментінен.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері бейнежазбадағы заң бұзушыны тез арада қолға түсірді. Ол 51 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен ол «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.