Корея – Орталық Азия форматындағы алғашқы саммит: Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның тарихи байланысы неде

Корея елшісі Қазақстандағы жұмысына білек сыбана кірісті

Корея – Орталық Азия форматындағы алғашқы саммит:  Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның тарихи байланысы неде
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігі «Диаспора саясаты және тарихи мұра: этникалық корейлер қауымдастығы арқылы корей-қазақ ынтымақтастығының болашағы» тақырыбында халықаралық семинар өткізді. Онда диаспоралардың тарихи мұрасы және корей-қазақ ынтымақтастығының өміршеңдігі талқыланды. Бүгінде елімізде 120 мың корей халқының өкілі тұрса, Кореяда Қазақстаннан барған 15 мың корей қоныстанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Корея Республикасының Ұлттық жиналысының төрағасы У Вон Шик семинарға бейнебайланыс арқылы қатысып, сөз сөйледі.

Өз үндеуінде У Вон Шик корё-сарам қауымдастығының тарихы мен Қазақстандағы корей диаспорасының екі мемлекет арасындағы достықты нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.

Сондай-ақ ол Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігіне және маңызды іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді.

«Корё-сарам қауымдастығы мен үшін айрықша маңызға ие. Менің нағашы атам да жапон отаршылдығы кезеңінде тәуелсіздік қозғалысына қатысқан корё-сарам өкілі болған және Кеңес Одағында дүниеден өткен. Корё-сарам ұрпағы ретінде бүгін Корея Республикасының Ұлттық жиналысының төрағасы қызметінде отырып, сіздерге құттықтау сөз арнауым мен үшін ерекше символдық әрі терең мәнге ие»,- деді У Вон Шик.

Сонымен қатар ол 1930-жылдары Орталық Азияға қоныс аударған корейлерді құшақ жая қарсы алған қазақ халқына ерекше ризашылығын жеткізді.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 1930-жылдары Орталық Азияға қоныс аударған корё-сарам қауымын жылы қабылдаған Қазақстан халқына зор алғысымды білдіргім келеді», - деп атап өтті ол.

У Вон Шиктің айтуынша, дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы саяси, экономикалық және мәдени салаларда тығыз ынтымақтастық орнатып келеді.

Оның пікірінше, аталған семинар екі ел арасындағы диаспора саясаты мен әлеуметтік ықпалдастық салаларындағы тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндік ашады.

«Бүгінгі семинар екі ел арасындағы диаспора саясаты мен әлеуметтік ықпалдастық салаларындағы тәжірибе алмасуға құнды мүмкіндік болып, сондай-ақ корё-сарам қауымының тарихы мен жетістіктеріне негізделген ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне ықпал етеді деп сенемін», - деді У Вон Шик.

У Вон Шик Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі нығая беретініне сенім білдіріп, қатысушыларға зор денсаулық тіледі.

«Баршаңызға зор денсаулық тілеймін және Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастың одан әрі нығая беруіне тілектеспін. Назар қойып тыңдағандарыңызға рақмет», - деп түйіндеді ол.

Кеше ғана Қазақстанға ұшып келген Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжон Ки Хон осы семинарға ресми түрде қатысып, қызметіне кірісті.

Бұл іс-шара,  оның айтуынша, Қазақстандағы корей диаспорасының тарихы мен мұрасын, сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды алаң.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан корейлері қауымдастығы, ғылыми ұйымдар мен түрлі қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен жүздесудің өзі үшін үлкен мүмкіндік. Бұл кездесу екі ел арасындағы достық пен әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететінін ерекше атап өтті», - Чжон Ки Хон.

Елші өз сөзінде келесі жыл маңызды тарихи даталармен ерекшеленетінін де еске салды.

«Атап айтқанда, Қазақстандағы корейлердің қоныс аударғанына 90 жыл, сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Осыған орай бірқатар мәдени және еске алу іс-шараларын өткізу жоспарланып отыр», - деді елші.

Ол корей диаспорасын тек тарихи қауымдастық ретінде ғана емес, екі ел арасындағы достық көпірі ретінде бағалайтынын айтты.

«Қазақстандағы корейлердің тарихы – қиын кезеңдерді, төзімділікті және жаңа ортада қалыптасқан бірлікті көрсететін ерекше тарих», - деді ол.

Іс-шара барысында бірнеше секциялық отырыстар өтті. Бірінші сессияда Корея Республикасының шетелдегі отандастарға қатысты саясаты, Қазақстанның этносаралық келісім мен интеграция саласындағы тәжірибесі қаралды. Сонымен қатар диаспорамен жұмыс істеу бағытындағы халықаралық тәжірибе де талқыланды.

Екінші сессия корей халқының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мәселелеріне арналады. Бұл бағыттағы ортақ тарихи жадыны сақтау – екі ел үшін де маңызды міндет.

Үшінші сессияда корей диаспорасының қоғамдағы рөлі мен оның мемлекеттік саясаттағы орны талқыланады.

Елші ҚХА институты елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастыруда және нығайтуда айрықша маңызды рөл атқарып келетінін айтты.

«Мен корей диаспорасын тек тарихи қауым ретінде ғана емес, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы достық пен сенімнің берік символы ретінде қабылдаймын. Олар осы жерде өздерінің еңбегімен, табандылығымен және азаматтық жауапкершілігімен еліміздің дамуына зор үлес қосып келеді», - деді ол.

Корея Республикасы Үкіметі соңғы жылдары Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударып отыр.

«Осы бағытта біз Сеул қаласында Корея – Орталық Азия форматындағы алғашқы саммитті өткізуге дайындалып жатырмыз. Бұл бастама өңірлік деңгейдегі серіктестікті жаңа сапалық деңгейге көтереді деп сенемін. Сонымен қатар біз Қазақстан Президентінің Корея Республикасына алдағы сапарын зор үмітпен күтеміз. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге серпін беретін маңызды тарихи оқиға болады деп ойлаймын», - деді елші.

Чжон Ки Хон екі ел арасындағы қарым-қатынастардың тек саяси немесе экономикалық деңгейде ғана емес, сонымен бірге гуманитарлық, мәдени және ғылыми бағыттарда да қарқынды дамып келе жатқанына ерекше тоқталды.

«Бұл байланыстар халықтарымыздың өзара түсіністігі мен сенімін одан әрі нығайтып отыр. Мен өз қызметім барысында Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың барлық әлеуетін толық іске асыруға бар күш-жігерімді салатыныма сендіргім келеді. Біздің ортақ мақсатымыз – екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа, сапалы деңгейге көтеру», - деді Чжон Ки Хон.

Ал ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов этносаралық келісім, қоғамдық интеграция және бірлікті нығайту – әрдайым мемлекеттік саясатымыздың маңызды бағыты ғана емес, еліміздің тұрақты дамуының басты негізі екенін айтты.

«Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бейбітшілік, өзара құрмет және мәдени әралуандықты сақтау жолын таңдады.Бүгінде Қазақстанда 120-дан астам этнос өкілдері өмір сүреді. Бұл көптүрлілік қоғамдық тұрақтылықтың, мәдени байлықтың және өзара рухани толығудың қайнар көзіне айналды. Қазақстандық модельдің басты қағидаты – «алуан түрліліктегі бірлік». Яғни әрбір азамат этникалық тегіне, тіліне немесе дініне қарамастан өзін біртұтас Қазақстан халқының толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, дәстүрлердің өзара сабақтастығы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениеттерге деген төзімділік – біздің баға жетпес байлығымыз әрі ұлттық брендіміз. Шынында да, дәл осы бірлік пен татулық тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктеріміздің берік іргетасына айналды», - деді ол.

Әзілханов атағандай, қазақстандық модельдің ерекшелігі – әр этностың мәдени болмысын құрметтей отырып, ортақ азаматтық бірегейлікті нығайтуында.

«Осындай тепе-теңдік қоғамдық келісімді сақтап, өзара сенім атмосферасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.Осы орайда корей этносының және былтыр 35 жылдығын атап өткен Қазақстан корейлері қауымдастығының еліміздің дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап өткім келеді. Қазақстандық корейлер ондаған жылдар бойы еңбекқорлықтың, азаматтық жауапкершіліктің және ортақ құндылықтарға адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.Корей этносының өкілдері еліміздің экономикасы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, білім, медицина, ғылым және заманауи технологиялар салаларының дамуына үлкен үлес қосты. 67 Социалистік Еңбек Ері, жүздеген ғылым кандидаттары мен докторлары – осы еңбектің айқын дәлелі. Бұл көрсеткіштер корей этносының Қазақстанның өркендеуіне қосқан орасан еңбегінің бір Бұл бағыттағы жарқын мысалдардың бірі – Корей түбегінен тыс жерде орналасқан жалғыз республикалық мемлекеттік академиялық корей театры. Сонымен қатар жуырда 90 және 100 жылдық мерейтойлары кең көлемде аталып өткен «Корё ильбо» газеті де еліміздің мәдени кеңістігінде ерекше орын алады», - деді Марат Әзілханов.

Қазақстандағы корей мәдениеті фестивальдері, білім мен өнер саласындағы көптеген жобалар халықтар арасындағы достықты, өзара сыйластықты және қоғамдық келісімді нығайтуға қызмет етіп келеді.

«Жыл сайын елімізде Сольналь мерекесі кеңінен аталып өтеді. Бұл – мәдени күнтізбеміздегі маңызды әрі көпшілік сүйіп күтетін шаралардың бірі. Осындай жобалар еліміздің әр өңірінде жүзеге асырылып, ортақ қазақстандық мәдениетті байытып жатырҚазақстан мен Корея Республикасы арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамып келеді. Бүгінде инновациялар, жоғары технологиялар және заманауи қалалық инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобалар бар.Осындай жобалардың бірі – Алатау қаласын дамыту бастамасы. Бұл жоба еліміздің жаңа экономикалық және технологиялық өсу орталығына айналмақ. Ауқымды жобаның бастамашыларының бірі – Юрий Андреевич Цхай. Алатау қаласы озық технологияларды енгізу, инвестициялар тарту және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды алаң ретінде қарастырылады. Бүгінде қазақстандық корейлер Қазақстанды өз Отаны деп біледі және еліміздің өркендеуіне адал қызмет етіп келеді. Бұл – татулық пен бірліктің, өзара сенім мен құрметтің жарқын көрінісі», - дең Әзілханов.

Корея Республикасының Шетелдегі кореялықтар істері жөніндегі агенттігінің хатшысы Ли Мен Джэнің сөзінше, бүгінде Корея Республикасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі корей диаспорасымен байланысты жаңа деңгейде дамытып келеді.

Ли Мен Джэ шетелдегі отандастар ұғымына тоқталып, бұл санатқа Корея Республикасының азаматтары ғана емес, тарихи себептермен өзге елдерде өмір сүріп жатқан этникалық корейлер де кіретінін атап өтті.

«Бүгінде әлемнің 180-нен астам елінде шамамен 7 миллион корей тұрады. Бұл – Корея Республикасының жаһандық әлеуетінің маңызды бөлігі», – деді агенттік хатшысы.

Оның айтуынша, Ресей мен ТМД елдерінде 440 мыңнан астам этникалық корей өмір сүреді. Қазақстандағы корей диаспорасы да қоғамның дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Ли Мен Джэ 2023 жылы құрылған Корея Республикасының Шетелдегі кореялықтар істері жөніндегі агенттігі бүгінде осы бағыттағы негізгі мемлекеттік органға айналғанын жеткізді.

«Бұрын шетелдегі корейлерге қатысты саясат әртүрлі ведомстволар арасында бөлініп келген болса, қазір барлық жұмыс бір жүйеге біріктірілді. Бұл кешенді әрі тұрақты саясат жүргізуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Сондай-ақ агенттік хатшысы қазіргі таңда шетелдегі корейлермен жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылатынын айтты.

«Бұрын шетелдегі корейлер көбіне реттеу нысаны ретінде қарастырылса, бүгінде олар Корея Республикасының маңызды серіктесі ретінде бағаланады», – деп атап өтті Ли Мен Джэ.

Оның сөзінше, агенттіктің негізгі миссиясы – Корея Республикасы мен шетелдегі корей диаспорасының ынтымақтастығы арқылы бейбітшілік пен ортақ өркендеуге үлес қосу.

«Біздің мақсат – Корея Республикасы, корей диаспорасы және халықаралық қоғамдастық арасындағы үйлесімді дамуды қамтамасыз ету», – деді агенттік өкілі.

Ли Мен Джэ агенттіктің негізгі бағыттарының қатарында корей тілін дамыту, жастар бастамаларын қолдау, тарихи отанымен байланысты нығайту және шетелдегі корейлерге жүйелі қолдау көрсету бар екенін атап өтті.

«Диаспора – тек тарихи байланыс қана емес, ол болашақтағы ортақ дамудың маңызды күші», – деп түйіндеді Корея Республикасының Шетелдегі кореялықтар істері жөніндегі агенттігінің хатшысы.

Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Әзімбайұлы Қазақстан мен Корея арасындағы тарихи байланыстар, этносаралық келісім және қазақстандық қоғамдық келісім моделінің ерекшеліктері туралы мазмұнды баяндама жасады.

Семинар барысында ол Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кездейсоқ құбылыс емес екенін ерекше атап өтті.

«Бұл келісім өздігінен пайда болған жоқ. Бұл жай ғана адамдардың қатар өмір сүруге дағдылануы емес. Оның артында үлкен тарихи тәжірибе, мемлекеттік саясат және қоғамдық келісім институттарының тұрақты жұмысы тұр», -деді Ғали Әзімбайұлы.

Ол өз сөзінде Қазақстан мен Кореяны байланыстыратын тарихи тамырларға тоқталды. Спикердің айтуынша, Ұлы Жібек жолы екі халықтың мәдениеті мен өркениеттік байланысын тереңдеткен маңызды тарихи көпір болған.

«Бізді Кореямен байланыстыратын - Ұлы Жібек жолы. Мыңдаған керуен қазақ жерін басып өтіп, қалалар қалыптастырды. Сондықтан мәдениетімізде, тарихымызда, салт-дәстүрімізде және тіпті кейбір сөздерімізде ұқсастықтар бар», - деді ол.

Ғали Әзімбайұлы қазақстандық келісім моделінің бірнеше негізгі тірекке сүйенетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл - Конституциядағы азаматтардың теңдігі, диалог мәдениеті, өзара құрмет, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі және азаматтық бірегейлік.

«Қазақстандық модельдің күші - оның бір ғана факторға емес, тұтас жүйеге сүйенуінде. Бұл — қоғамдық сенім мен жауапкершілікке негізделген модель», - деді орталық директоры.

Сондай-ақ баяндамашы қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарының қоғамдағы татулықты сақтаудағы рөліне ерекше тоқталды.

«Қазақ мәдениетінде «қонақжайлық», «қамқорлық», «өзара көмек» ұғымдары терең орныққан. Бұл жай ғана әдемі сөздер емес, бұл - ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру мәдениеті», - деді ол.

Ғали Әзімбайұлы ХХ ғасырдағы ауыр тарихи кезеңдерге де тоқталды. Ол Карлаг, АЛЖИР лагерьлері мен депортация жылдары Қазақстан халқының адамгершілік қасиеті ерекше көрінгенін айтты.

«Жергілікті халықтың өзі қиын жағдайда өмір сүрсе де, қолындағы нанын бөлісті, баспана берді, жылуын сыйлады. Сол кезеңдегі адамгершілік пен жанашырлық бүгінгі қоғамдық келісімнің тарихи негізіне айналды», - деді спикер.

Оның айтуынша, сол тарихи кезеңдегі символдардың бірі құрт болған.

«Құрт жай ғана тағам емес еді. Ол аман қалудың, жанашырлықтың және адамдықтың символына айналды», - деді Ғали Әзімбайұлы.

Баяндамашы Қазақстандағы корей диаспорасының тарихына да кеңінен тоқталды. Ол корейлердің Қазақстанға келуінің алғашқы кезеңдері 1920-жылдардан басталғанын атап өтті.

«Алғашқы корей артельдері Қазақстанда күріш өсіруді дамытуға үлкен үлес қосты. Қазақтар мен корейлердің алғашқы еңбек кооперациясы дәл осы ауыл шаруашылығы саласында қалыптасты», - деді ол.

Сонымен қатар 1937 жылғы күштеп қоныс аудару корей халқы үшін ауыр тарихи сынақ болғанын айтты.

«Корей халқы ауыр трагедияны бастан өткерсе де, өз мәдениетін, еңбекқорлығын және білімге деген ұмтылысын сақтап қалды. Бүгінде Қазақстанды корей халқының ауыл шаруашылығы, ғылым, медицина және кәсіпкерлік салаларындағы үлесінсіз елестету мүмкін емес», - деді Ғали Әзімбайұлы.

Спикер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі жағдайларға қарамастан Қазақстан этносаралық қақтығыс жолына түспегенін ерекше атап өтті.

«1980-жылдардың соңы мен 1990-жылдардың басында көптеген шетелдік сарапшылар Қазақстанды этникалық қақтығыс қаупі бар аймақ ретінде қарастырды. Бірақ бұл болжамдар жүзеге аспады. Қазақстан алауыздық жолын таңдаған жоқ», - деді ол.

Ғали Әзімбайұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуын тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды шешімдердің бірі ретінде бағалады.

«Ассамблея тек символдық құрылым емес. Бұл мемлекет пен этномәдени бірлестіктердің ортақ мақсат үшін жұмыс істеуіне мүмкіндік берген тірі қоғамдық механизм», - деді ол.

Оның айтуынша, қоғамдық келісім моделінің тиімділігі халықтың көңіл күйінен де байқалады.

«2026 жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша респонденттердің шамамен 94 пайызы өз өңіріндегі этносаралық келісімді оң бағалайды. Бұл адамдардың қоғамдық тұрақтылықты өз өмірінде нақты сезінетінін көрсетеді»,-деді Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры.

Сөз соңында Ғали Әзімбайұлы Қазақстан тәжірибесінің халықаралық деңгейде маңызды үлгіге айналғанын айтты.

«Қазақстан тәжірибесі көрсеткендей, көптүрлілік бөлінудің емес, тұрақтылықтың негізіне айнала алады. Ол үшін өзара құрмет, диалог, жауапкершілік және мықты қоғамдық институттар қажет», - деп түйіндеді ол.

Семинарда Қазақстандағы корей өкілдері елшіге өз көкейінде жүрген сұрақтарды қоя алды. Кездесу барысында Корея Республикасының елшісі Чжон Ки Хон Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін айтып, қазақ халқына деген ерекше ықыласын жеткізді.

Елшінің сөзінше, оның Қазақстанмен байланысы бүгін ғана басталған жоқ. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан бағыты бойынша жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

«Мен Қазақстан бойынша жиырма жыл бойы жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде Астанаға да, Алматыға да бірнеше рет келдім. Сондықтан Қазақстанға деген махаббатым да, ерекше лебізім де бар», - деді елші.

Сонымен қатар дипломат Қазақстандағы қызметі барысында екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін салатынын айтты.

«Елші ретінде жұмыс істейтін мерзімімде Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайынмын», - деді ол.

Елші бүгінгі кездесудің мазмұнды әрі маңызды өткеніне тоқталып, көтерілген мәселелердің ауқымды болғанын жеткізді.

«Бүгінгі кездесу өте маңызды әрі қызықты болды. Хон Бом До генералынан бастап корей диаспорасының тарихына дейін, сондай-ақ K-Park жобасына қатысты көптеген маңызды тақырып жан-жақты талқыланды», -деді дипломат.

Ол мұндай пікір алмасулар екі халық арасындағы өзара түсіністік пен мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдете түсетінін атап өтті.

«Осындай кездесулер халықтарымыздың өзара жақындасуына және ортақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға үлкен мүмкіндік береді», - деп түйіндеді елші.