Буллинг пен сталкингтің алдын-алу: Астанада балалар «Тоғыз тағдыр» атты сериалды тамашалады
Профилактикалық іс-шараға ата-аналар мен мамандар қатысты
Астана қаласы Байқоңыр ауданы прокуратурасы ұйымдастырған «Тоғыз тағдыр: өмірді айқындайтын таңдау» атты профилактикалық іс-шара кезінде балалар мен жасөспірімдер түсірген «Тоғыз тағдыр» әлеуметтік сериалдың премьерасы өтті көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді талқылау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру, сондай-ақ жастар арасында қауіпсіздік пен жауапкершілік мәдениетін дамыту. Іс-шараға прокуратура органдарының өкілдері, Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, депутаттар, психологтар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

Кездесу барысында буллинг, сталкинг, жасөспірімдер агрессиясы, кәмелетке толмағандарды есірткі таратуға тарту, интернет-алаяқтық, дропперлік, психологиялық қысым, балалардың үйден кетуі, сондай-ақ ойланбай жасалған әрекеттер мен құқық бұзушылықтардың салдары тақырыптарына арналған әлеуметтік сериалдың тоғыз қысқаметражды бөлімі ұсынылды.
Әрбір тақырыптық бөлімнен кейін шақырылған сарапшылардың қатысуымен ашық пікірталастар ұйымдастырылды. Жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайы, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, интернеттегі қауіптер және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жастармен күрделі әрі өзекті тақырыптар бойынша ашық диалог орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті. Сонымен қатар, олар жасөспірімдерге жауапты таңдаудың, отбасы қолдауының және дер кезінде көмекке жүгінудің маңызын түсінуге көмектеседі.
Аталған бастама құқықтық мәдениетті нығайтуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыс аясында жүзеге асырылды.