Астана мен Алматыда ашылады: «Сириус» халықаралық мектебінің мақсаты қандай
Астанамен қатар биыл қаңтар айында Алматы қаласында да мектеп пен орталықтың іргетасы қаланды
Қазақстан мен Ресей президенттері Астанадағы «Сириус» мектебінің құрылысын бастап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың хабарламасына сүйенсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин онлайн-форматта «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру инфрақұрылымының капсуласын салу рәсіміне қатысты.
«Келешек кешеннің іргетасына рәміздік капсуланы елордалық оқушылар оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен, «Сириус» федералдық аумақ кеңесінің төрағасы, «Талант и успех» қорының жетекшісі Елена Шмелёвамен бірге салды. «Қазақстан – Сириус» жобасы мемлекеттер басшыларының уағдаластығына сай іске асырылып жатыр», – делінген Ақорданың мәліметінде.
Белгілі болғандай, «Сириус» моделі бойынша еліміздің екі қаласында білім беру ошағы құрылады. Астанамен қатар биыл қаңтар айында Алматы қаласында да мектеп пен орталықтың іргетасы қаланды.
«Жобаның мақсаты – дарынды балаларды қамқорлыққа алып, ғылым, технология және инновация салаларын терең меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеп шығару», – дейді Ақорда.