Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында болған жарылыс: тергеу маусым айында аяқталуы мүмкін

Оған ғалымдар да жұмылдырылған

Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында болған жарылыс: тергеу маусым айында аяқталуы мүмкін
Фото: gov.kz

Қазақстанда «Қазцинк» кәсіпорнында адам өліміне әкеп соққан жарылысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, тергеу жұмысына отандық жоғары оқу орындарының ғалымдары да тартылған.

«Тергеу жүріп жатыр. Біз бұл мәселеге кеңінен қарадық, жарылыстың қалай болғанын түсіну үшін университеттердің ғалымдарын да тартып отырмыз. Нәтижелерін міндетті түрде БАҚ арқылы жариялаймыз. Мерзімі меніңше маусым айы болмақ», – деді Тұяқбаев Мәжіліс кулуарында.

Ол тергеу аяқталғаннан кейін қорытындылар ресми түрде қоғамға жарияланатынын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Өскемендегі зауытта алапат жарылыс орын алып, екі адам қаза тапты. Тағы екі адам ауыр хәлде ауруханаға түсті. Бір жұмысшының денесінің 90 пайызын күйік шалса, екіншісінің омыртқасы сынған.