Қазақстандық танымал блогер әйгілі футболшы Поль Погбаға қазақы киім сыйлады (ВИДЕО)
Ол Францияның Канн қаласында өткен кеште футболшымен кездесті
Қазақстандық блогер Дастан Мұхамедрахым әйгілі футболшы, әлем чемпионы Поль Погбаның иығына қазақы киім жапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Блогер Францияның Канн қаласында блогинг пен цифрлық контент саласындағы ең беделді халықаралық сыйлықтардың біріне алған кеште Поль Погбамен кездесті.
«Поль Погбамен дастархандас болып, нөмір алмасып, коллаб жасайтын болып келістік. Тіпті ұлттық нақыштағы өзіміздің отандық бренд киімдерін де сыйға тарттым. Арқасына жекетін жауып, қолына тақиясын да ұстаттым», – деп жазды блогер.
Ол сөзін жалғай отырып, әйгілі футболшының Қазақстанға келгісі келетінін де тілге тиек етті.
«Әңгімеміз өрбіп, еліміздің табиғатын көрсеттім. Қатты қызығып келгісі келіп жатыр. Алдағы уақытта Поль Погбаны Қазақстанымызда күтеміз», – дейді Дастан Мұхамедрахым.
Айта кетейік, осыған дейін Дастан Мұхамедрахымның америкалық актер Уилл Смитке ұлттық шапан жапқаны хабарланған.