Абай облысында ер адам жүргізуші куәлігін ауыстырар кезде өзінің «жынды» екенін білді

Ол осыған байланысты сотқа шағым түсірді

Абай облысында ер адам жүргізуші куәлігін ауыстырар кезде өзінің «жынды» екенін білді
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Абай облысында ер адам жүргізуші куәлігін мемлекеттік қызметтер порталы арқылы ауыстырмақ болғанында өзінің психиатриялық есепте тұрғанын білді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осы себепті ол ауруханаға және облыстың денсаулық сақтау басқармасына психиатриялық есепке қоюды заңсыз деп тану туралы сотқа шағым түсірген әрі бұл мәліметті психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен алып тастауды талап еткен.

Жоғарғы соттың хабарлауынша, медициналық мекеменің комиссиясы талап қоюшыны есепке қою туралы мәліметтер қате,тиісті медициналық куәландырусыз және диспансерлік бақылау тәртібін бұза отырып енгізілді деген қорытындыға келген. Алайда жауапты орган медициналық мекеменің бұл мәліметтерді ақпараттық жүйеден алып тастау туралы өтінішін қараусыз қалдырған. Медициналық мекеме өкілінің айтуынша, талапқоюшының амбулаториялық картасы жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған, бірақ жойылғанын растайтын актісі ұсынылмаған.

«Денсаулық сақтау басқармасының өкілі тіркелімнен мәліметтерді алып тастау үшін талапқоюшы дәрігерлік-консультациялық комиссияның куәландыруынан өтуі қажет екенін атап көрсеткен. Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты істің материалдарын зерттеп, талап қоюшыны есепке қоюдың заңсыздығы туралы қорытындыға келді», – делінген хабарламада.

Сол сияқты жауапкерлер бірқатар дәлелдемелер ұсынбағаны анықталды: талап қоюшының психиатриялық көмекке жүгінуі; тиісті медициналық куәландыруды жүргізу; клиникалық бақылаулардың болуы; талап қоюшының не оның заңды өкілдерінің медициналық көмек көрсетуге келісімі.

«Сот талап қоюды қанағаттандырды. Ауруханамен денсаулық сақтау басқармасына психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен талап қоюшы туралы мәліметтерді алып тастау міндеті жүктелді», – деп жазды Жоғарғы сот.