Алакөлде 90 млн теңгенің малын ұрлағандар шартты түрде ғана жазаланған
Прокуратураның араласуынан кейін үкім өзгеріп, нақты жаза кесілді
Жетісу облысының Алакөл ауданында ірі қара мал ұрлау ісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Белгілі болғандай, серіктестіктердің бірінің екі қызметкері өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті – ірі қара малды ұрлап, 90 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бірінші сатыдағы сот кінәлілерді ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша 5 жыл 7 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырған. Тағайындалған жазамен келіспей, Алакөл ауданының прокуратурасы апелляциялық өтінішхат енгізді.
Жетісу облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен прокурордың өтінішхаты қанағаттандырылып, сот үкімі өзгертілді – шартты соттау күші жойылды. Үкім заңды күшіне енді.
«Жетісу облысының прокуратурасы сот актілерінің заңдылығын қамтамасыз ету, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және жасалған қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықтың бұлтартпастығы қағидатын нығайту бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр», – делінген прокуратураның хабарламасында.