Түнгі қуғын: Ақтауда «Гелендваген» мінген 17 жастағы бозбала полициядан қашпақ болды (ВИДЕО)
Полиция қызметкерлері бозбаланы 33-шағын ауданда тоқтатты
Ақтауда түнгі уақытта «Гелендваген» мінген жасөспірімнің полициядан қашқан видеосы жарияланды. Желіде тараған видеоға назар аударсақ, автокөлік «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығына қарай бет алғанын, оның соңынан бірнеше полиция көлігі қуып бара жатқанын байқауға болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, сағат 01:25 шамасында Мұнайлы ауданына қарасты Бесшоқы ауылының маңында патрульдік полиция қызметкерлері Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полицияның талаптарын елемей, қашып кетуге тырысқан.
Жедел іс-шаралардың нәтижесінде автокөлік 33-шағын ауданда тоқтатылды. Рөлде жүргізуші куәлігі жоқ 17 жастағы жасөспірім отырған.
Кәмелетке толмаған балаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 3-1-бөлігі (жүргізу құқығы жоқ тұлғаның полиция қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамауы) бойынша хаттама толтырылды. Жаза ретінде 60 АЕК (259 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу қарастырылған.
Көлік иесі де ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігі (жүргізу құқығы жоқ адамға көлік рулін беру) бойынша жауапкершілікке тартылды. Баптың санкциясы бойынша 50 АЕК (216 250 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілге қатысты материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша сотқа жолданды. Аталған бап 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.