«Nur Otan» партиясының мүшелері тегін маска таратты
Бір рейд барысында 150-ден астам адамға маска берілген
«Nur Otan» партиясының елордадағы мүшелері қалалық саябақтар мен бақшаларда кезекті рейд жүргізді. Шараның басты мақсаты - қала тұрғындары мен қонақтарының санитарлық ережелерді сақтауын бақылау, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Рейд жүргізуге белсенді партияшылдар, «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында мұндай рейдтер үнемі өтіп тұрады. Яғни, бұл бір реттік акция емес. Біз карантин басталғалы бері қоғамдық орындарды тексеріп келеміз және осы іс-әрекетіміз коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте қандай да бір пайдасын тигізеді деп үміттенеміз. Рейд жасау үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тартпаймыз. Өйткені, біздің мақсатымыз - жазалау емес, түсіндіру және көмек беру»,- дейді «Есіл» партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мархат Қасымов.
Рейд барысында халыққа 150 маска мен вирустың алдын алу туралы ескертпе қағаздар тараталды.