ШұғылӨткен тәулікте Қазақстанда 835 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

«5-10-20»: Келесі аптада банкке 90 млрд теңге аударылады

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» баспана кезегінде тұрғандарға SMS-хабарлама жолдайды

Алдағы аптада «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «5-10-20»  мемлекеттік бағдарламасы бойынша алғашқы траншты иегере бастайды. Банк екі айдан бері бағдарламаны жүзеге асыру үшін талаптары мен механизмдерін жасап, қаражат күтіп отырған болатын. Аталған бағдарламаға қарастырылған 210 млрд теңгенің алғашқы бөлігі дайын. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

«Жақсы жаңалық бар. Алдағы аптада бюджеттен қарастырылған 210 млрд теңгенің жартысы келе жатыр. Банкке 90 млрд теңгесі келеді. Сөйтіп бағдарламаны бастаймыз. Біз аптаның басында бұрыннан кезекте тұрған азаматтарға SMS-хабарлама жолдаймыз.  Олардың бізде жасақталған тізімі бар. Біріншіден, кезекке қашан тұрғаны маңызды. Сол үшін біз бұрыннан пәтер кезегінде тұрған отбасыларға хабарлайтын боламыз. Олар 2010, 2011, 2012 жылдары үй алуға кезекке тұрғандар. Біз олардың құжаттарын қабылдап, талаптарды түсіндіріп, реттеген соң келесі адамдар легін  қыркүйек айында қабылдай бастаймыз»,- деді банк басшысы.

Тұтынушылар қажетті кеңесті онлайн түрінде алады. Бағдарлама талаптарына сай болса, құжаттарын өз аймағындағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бөлімшесіне келіп тапсыра алады. Оның ішінде бағалау, нотариус қызметі және банкпен келісімшарт жасау көзбе-көз жүргізілетін болады.

Суретте: Ләззат Ибрагимова

Үкімет «5-10-20»  бағдарламасы бойынша 16 мың отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, алғашқы 90 млрд теңге шамамен, 7-8 мың адамға жетеді.  

Айта кету керек, баспана құны Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 18 млн теңгеден, ал өзге аймақтарда 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Жаңадан салынып жатқан, яғни пайдалануға берілмеген үйлерден де алдын ала пәтерлерді рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.  

«Біз барлық аймақтар бойынша орташа есеппен, бір пәтерді 13 млн теңгеден бір адамға деп есептегенде, 7 мың мен 8 мың адам пәтер алады деп ойлаймыз. Жыл соңына дейін алғашқы траншты игереміз. Талаптар өзгерген жоқ. Алдағы аптаның сейсенбісінде Үкімет отырысы болады. Сол жерде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында оны толықтай бекітуі керек», - дейді Л. Ибрагимова.

Президенттік «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасының негізгі шарттары төменгідей: 

  • Азаматтың өзінің басында баспана болмауы керек.
  • Азамат бұрыннан баспана кезегінде тұруы шарт;
  • ТҮҚЖБ-дегі депозитіңізде пәтер құнының 10 пайызы көлемінде жинақ болуы тиіс; 
  • Тұтынушының несие алған мерзімінде берешек 5 пайыз үстемақымен өтеледі;
  • Қарызды қайтару уақыты 20 жылға дейін есептеледі;

«Коммерциялық банктерге қарағанда төлем қабілетіңізді растаудың жеңілдетілген формасы қарастырылады. Отбасы мүшелерінің шығынына мейілінше төмен сома есептелетін болады. Сондықтан жалақысы 150-180 мың теңге аралығындағы азаматтардың осы бағдарламамен баспаналы болуға мүмкіндігі бар», - деді Ләззат Ибрагимова.

ТҮҚЖБ жыл басынан бері 205 млрд теңге көлемінде халыққа несие берген. Күніне шамамен, 145-150 тұтынушымен баспана келісімшарты жасалады.

«Бізде орталық аппарат 50 пайыз қазір қашықтан жұмыс істеп жатыр. Ал филиалдардың барлығы офлайн жағдайында жұмыс істейді. Банк жұмысын тоқтатқан жоқ. Бөлімшелерде отырғандар негізінен, жастар. Ауырып қалса, орнын алмастырамыз, ол жазылып шыққан соң, басқасы ауырып қалады. ПТР-сараптамаларды тегін жасаймыз. Осылайша пандемиямен де күресеміз, жұмысты да тоқтатпаймыз», - дейді банк төрағасы.

Оқи отырыңыз: Тоқаев ұсынған «5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасының шарттары белгілі болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 13 мамырда Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін «7-20-25» бағдарламасына ұқсас «5-10-20» атты жаңа жоба жүзеге асатынын мәлімдеген еді. Ол Үкіметке жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «үй бөлуді, тағайындауды және есеп жүргізуді» қамтамасыз ететін «Отбасы банкі» атты даму мен қолдау институтын құруға тапсырма берген.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қаржы институтын «Отбасы банкі» деп атау туралы тапсырма 2021 жылы жүзеге асырылмақ. Банк атауын өзгертпес бұрын Индустрия және инновациялық даму министрлігімен бірге банк жұмысын оңтайландыру бағдарламасы жүргізіледі. Ол бойынша  осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр, тұтынушылар үшін үй алу, кезекке тұру, құжаттарды рәсімдеуді онлайн тәртібіне көшіру көзделген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы