Ақтөбе облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Облыс бойынша ішімдіктен бас тарту бастамасын 40 елді мекен қолдап үлгерген

Ақтөбе облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары ішімдіктен жаппай бас тарту бастамасын белсенді қолдап жатыр. Өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс прокуратурасы мен Полиция департаменті бірлесіп қолға алған «Айқын нәтиже» жобасы аясында кезекті алдын алу кездесуі өтті,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылғы 20 мамырда Әйтеке би ауданына қарасты Қияқты ауылында жергілікті атқарушы органдар, ақсақалдар кеңесі, жұртшылық өкілдері мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен арнайы жиын ұйымдастырылды.

Басқосу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ отбасылық құндылықтардың рөлін арттыру бағытындағы өзекті тақырыптар көтерілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қияқты ауылының тұрғындары өз елді мекенінде алкогольдік өнімдерді сатудан және оны тұтынудан бас тарту туралы бастаманы бірауыздан мақұлдады. Жиынға қатысушылар мұндай оң нәтижелерге прокуратура, полиция, әкімдік, ақсақалдар және ауыл халқының белсенді азаматтық позициясының бірігуі арқасында қол жеткізіліп отырғанын атап өтті. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысы бойынша ішімдіктен бас тарту бастамасын 40 елді мекен қолдап үлгерді.

Санитарлық және құқықтық мониторинг мәліметтеріне сүйенсек, арақ-шараптан бас тартқан ауылдарда тұрмыстық қылмыс пен құқық бұзушылықтар саны айтарлықтай азайған. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп нығайып, азаматтардың қауіпсіздік деңгейі жоғарылағаны байқалады.

Прокуратура органдары бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын және тұрақты бақылауда болатынын мәлімдеді.