«Такси жүргізетінмін»: Маңғыстау облысының әкімі «МұзАРТ-тағы» Кенжебекпен кездескенін еске алды

Ол уақыт Кенжебектің өнер ұжымына жаңадан қосылып, танымалдылығы енді ғана артып келе жатқан кезі екен

«Такси жүргізетінмін»: Маңғыстау облысының әкімі «МұзАРТ-тағы» Кенжебекпен кездескенін еске алды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өткен шаққа саяхат жасап, жас кезінде такси жүргізушісі болып жүргенде басынан өткен қызықты оқиғасын бөлісті. Оның айтуынша, Жеңіс даңғылының бойында көлігіне «Мұзарт» тобының белгілі әншісі Кенжебек Жәнәбілов отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол кезде Кенжебектің өнер ұжымына жаңадан қосылып, танымалдылығы енді ғана артып келе жатқан кезі болса керек. Нұрдәулет Қилыбай жол жиегінде такси ұстап тұрған жігітті байқап, көлігін тоқтатқан сәтін былай деп еске алады:

«Жеңіс даңғылының бойында бір жігіт такси ұстап тұр екен. Барып тоқтай қалдым. Капюшон киіп алған, өзін танытқысы келіп отырған жоқ. Ол менен жақын маңда шоколад сататын дүкен бар-жоғын сұрады», – дейді ол.

Жол жөнекей Нұрдәулет Қилыбай жолаушының «МұзАРТ» тобындағы Кенжебек екенін бірден таныған.

Кейіннен екеуі қайта кездескенде, әнші Кенжебек оны бұрын көрмегенін айтқан. Сонда Нұрдәулет Қилыбай баяғы түнде болған оқиғаның егжей-тегжейін жіпке тізгендей айтып берген.

Сол түні Нұрдәулет Қилыбай жолаушысынан түн ішінде неліктен мұнша көп шоколад алып жүргенін сұраған екен. 

Сонда жас әнші топтағы ағаларын меңзеп: «Ана екеуі (Мейрамбек пен Сәкен) шай ішкісі келіп, мені жұмсап жіберді» деп жауап беріпті.

Нұрдәулет Қилыбай Кенжебекке өткен күннің қызықты естелігін айтқанда, әнші таңғалып, оқиғаны бірден растаған.