Қостанайда ауыр қылмыс бойынша айыпталған азамат тергеу изоляторынан босатылды

Артём Власов 2026 жылдың 22 қыркүйегіне дейін үйқамақта болады

Қостанайда ауыр қылмыс бойынша айыпталған азамат тергеу изоляторынан босатылды
Фото: © istockphoto.com

Қостанайда адам өліміне әкеп соққан ауыр жарақат салды деп айыпталған Артём Власов тергеу изоляторынан босатылды. Ол 9 айдан астам уақыт қамауда отырғаннан кейін үйқамаққа ауыстырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ТоболИнфо»-ға сілтеме жасап.

Бұл оқиға 2025 жылдың жазында басталған болатын. Тергеу дерегі бойынша, 2025 жылғы 26 шілдеде Солтүстік полиция бөлімі ғимаратының жанында Артём Власов бір ер адамды ұрған, кейіннен соққы салдарынан зардап шегуші көз жұмған.

Айыпталушы мен оның жұбайы тергеу амалдарының біржақты жүргізілгенін және істің басқа да маңызды жайттары ескерілмегенін алға тартуда. Қорғау тарапының уәжінше, іс материалдарында зардап шегушінің жанжалдан кейін көшеде ешқандай қан іздерісіз, өздігінен жүріп бара жатқан сәті түсірілген бейнежазба бар. Сондай-ақ, кейінірек марқұмның басқа бір топ адамдармен екінші мәрте төбелескені белгілі болған, бірақ бұл дерек тергеу құжаттарына енбей қалған.

Сот процесі барысында іске қатысты түбегейлі өзгерістер болды. Атап айтқанда, прокуратура айыпты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігінен — яғни абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабынан, 104-баптың 1-бөлігіне — абайсызда қазаға ұшырату бабына қайта біліктеуді ұсынды. Айыпталушы мен оның қорғаушылары бұл ұсыныспен келіскен. Ең қызығы, жәбірленуші тарап та, нақтырақ айтқанда марқұмның туған қарындасы, бұл өзгеріске келісім беріп, Власовтың ағасының өліміне кінәлі емес екенін мәлімдеді.

Артём Власов 2025 жылдың қыркүйек айынан бері қамауда отырып, денсаулығының күрт нашарлап кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тергеу изоляторында толыққанды ем алу мүмкіндігі шектелген.

«Медициналық тексеру нәтижесінде маған бүйректегі тас ауруы диагнозы қойылды, бұл қатты ауырсыну ұстамаларын тудырады. Дәрігерлер хирургиялық ота жасауды ұсынды. Сонымен қатар, жүрек қарыншасы аймағынан үнемі бақылау мен мамандандырылған емдеуді талап ететін жаңа ісік анықталды. Күзетпен қамауда ұстау жағдайында үнемі ауырсынуды сезініп, физикалық тұрғыдан әлсіреп қалдым», — деді сотталушы.

Айыптың жеңілдетілген бапқа ауысуына және денсаулық жағдайына байланысты қорғаушы бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады, ал прокуратура бұл өтінішті қолдады.

Сот шешімімен Артём Власов 2026 жылғы 19 мамырда қамаудан босатылды. Ол 2026 жылдың 22 қыркүйегіне дейін үйқамақта болады. Тергеу мен сот амалдары жалғасуда.