24 мамырға арналған ауа райы болжамы жарияланды

Еліміздің 17 облысында қолайсыз ауа райы күтіледі

24 мамырға арналған ауа райы болжамы жарияланды
Фото: © istockphoto.com

2026 жылғы 24 мамырға арналған ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Мамандардың хабарлауынша, алдағы тәулікте республикалық маңызы бар қалалар мен еліміздің барлық облысында қолайсыз ауа райы құбылыстары күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап. 

Еліміздің негізгі қалаларында найзағай ойнап, желдің екпіні күшейеді. Астана қаласында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал күндіз өткінші аздаған жаңбыр күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс бағытына ауысып, түнгі уақытта оның екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетеді.

Шымкент қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын жел күшейіп, оның жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. 

Ал Алматы қаласы мен облысында түнгі уақытта таулы және тау бөктеріндегі аудандарда, сондай-ақ Іле Алатауы аумағында (Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктерінде) тұман түсуі ықтимал. Сонымен қатар облыстың солтүстік бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Қазақстанның 17 облысында ауа райы әртүрлі сипатта өрбиді. Кей өңірлерде түнде үсік жүрсе, кей жерлерде төтенше өрт қаупі күтілуде. Шығыс Қазақстан облысы аумағында түнде солтүстік пен шығысында аралас жауын-шашын күтіледі. Күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал солтүстік және шығыс бөліктерінде нөсер жауын болуы мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, түнде шығыс өңірлерінде 1 градус үсік жүреді. Өскемен қаласында да күндіз найзағай ойнап, желдің екпіні 15–18 м/с-қа жетеді. Абай облысы аумағында батыс, солтүстік және орталық аудандарда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Семей қаласында күндіз найзағай ойнап, жел 15–20 м/с деңгейіне дейін күшеюі мүмкін.

Ақмола облысы аумағында түнде солтүстік, шығыс және оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі, ал күндіз батыс пен оңтүстігінде өткінші жауын жаууы мүмкін. Көкшетау қаласында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.

Қарағанды облысы және Ұлытау облысы аумақтарында түнде және таңертең тұман түседі, ал күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі. Қарағанды қаласында да таңертең және күндіз өткінші жауын мен найзағай болуы ықтимал.

Қостанай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы аумақтарында жаңбыр мен найзағай күтіледі, кей жерлерде желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Қостанай қаласында күндіз жауын-шашын болуы мүмкін.

Павлодар облысы аумағында батыс, оңтүстік және шығыс бөліктерінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Павлодар қаласында түнде найзағай ойнап, желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.

Түркістан облысы және Жамбыл облысы аумақтарында таулы өңірлерде жаңбыр, найзағай және тұман күтіледі. Түркістан қаласында жел 15–20 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.

Маңғыстау облысы аумағында түнде батыс бөлігінде және Ақтау қаласында тұман түсуі күтіледі.

Синоптиктер бірқатар өңірде құрғақшылық бен ыстыққа байланысты жалын шарпу қаупі жоғары екенін ескертеді. Қызылорда облысы аумағында, сондай-ақ Қызылорда қаласында өңірдің оңтүстігі мен солтүстігінде және облыс орталығында төтенше өрт қаупі тіркелді. Ал батыс пен орталық аудандарда жоғары деңгейлі өрт қаупі сақталуда.

Ұлытау облысы және Жезқазған қаласында шығыс, оңтүстік және орталық өңірлерінде, сондай-ақ қала аумағында төтенше өрт қаупі жарияланған. Солтүстік бөліктерінде жоғары деңгейлі қауіп сақталып отыр.

Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласында да солтүстік пен оңтүстікте, сондай-ақ қала аумағында төтенше өрт қаупі күшейген. Ал батыс пен шығыс бөліктерінде жоғары өрт қаупі тіркелуде.

Батыс Қазақстан облысы және Орал қаласында өңір бойынша жоғары деңгейлі өрт қаупі толықтай сақталып отыр. Атырау облысы аумағында және Атырау қаласында құрғақ әрі ыстық ауа райына байланысты жоғары деңгейлі өрт қаупі өз күшінде қалуда.

Жетісу облысы мен Талдықорған қаласында өңірдің шығысында төтенше өрт қаупі жарияланса, солтүстік, батыс, оңтүстік және орталық бөліктерінде, сондай-ақ қала аумағында жоғары өрт қаупі сақталуда.