Қостанайда зейнеткер күмәнді шотқа 6 млн теңге аудара жаздады

Тәртіп сақшылары қаржылық аударымды уақытында бұғаттап үлгерген

Қостанайда зейнеткер күмәнді шотқа 6 млн теңге аудара жаздады
Фото: © istockphoto.com

Қостанай облысында 70 жастағы қария алаяқтардың арбауына түсіп, өзінің миллиондаған қаражатынан айырылып қала жаздады. Мәліметтерге сүйенсек, зейнеткер белгісіз тұлғаларға 6 миллион теңге аудармақ болған. Жағдайдың алдын алуға ең алдымен қаржы ұйымы мамандарының қырағылығы себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Банк қызметкерлері егде жастағы әйелдің бөлімшеге келіп, өте ірі көлемдегі ақшаны шетелдік шотқа аударуға әрекет жасап жатқанын байқаған. Операцияның күмәнді екенін бірден түсінген олар бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған.

Күмәнді әрекет туралы дабыл полицияға бірден түскен. Тәртіп сақшылары көрсетілген мекенжай бойынша банк бөлімшесіне жедел жетіп, жағдайды бақылауға алған. Олар зейнеткермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қаржылық аударымды уақытында бұғаттап үлгерген.

Бірлескен жедел іс-қимылдардың арқасында зейнеткердің өмір бойы жинаған 6 миллион теңге көлеміндегі қаражаты сақтаулы тұр.

Құқық қорғау органдары азаматтарға, әсіресе егде жастағы тұрғындарға барынша сақ болуды ескертеді.