Қарағанды ТМД-ның Жастар астанасы болып жарияланды

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан жастарын осы айтулы жаңалықпен құттықтады

Қарағанды ТМД-ның Жастар астанасы болып жарияланды
Фото: instagram / ermaganbetbulekpaev

Қарағанды қаласы 2028 жылы ТМД-ның Жастар астанасы болып жарияланды. Бұл шешімді ТМД Үкімет басшылары кеңесі қабылдады. Осы айтулы жаңалыққа байланысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындары мен ел жастарына құттықтау жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс басшысы бұл халықаралық шешімді Қазақстанның гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы беделіне берілген жоғары баға және Мемлекет басшысының жастар саясатының нақты нәтижесі деп атап өтті.

Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәртебенің Қарағанды облысы үшін үлкен абырой әрі өңірдің әлеуетіне көрсетілген зор сенім екенін жеткізді. Оның айтуынша, кеншілер өлкесінің жастары бүгінде түрлі салаларда белсенділік танытып келеді.

Қарағанды облысында қазіргі таңда 303 мыңнан астам жастар өмір сүреді. Өңір жастары қоғам дамуына белсене араласып, түрлі бағыттарда нәтижелі жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, олар еріктілер қозғалысын дамытуға, ғылым мен білім саласын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлер мен белсенді жастар кәсіпкерлік пен қоғамдық бастамаларды жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.

ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды қаласына халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты кеңейтуге, өзге елдермен тәжірибе алмасуға және ауқымды халықаралық жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді.

«Біз бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып, халықаралық деңгейдегі жобаны жоғары дәрежеде ұйымдастырамыз деп сенемін. Барша Қарағанды облысының тұрғындарын және Қазақстан жастарын осы айтулы жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын!» — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы өз сөзін еліміздің болашағы тікелей жас ұрпақтың білімі мен жігерінде, қажыры мен жасампаз рухында екенін айтып қорытындылады.