Елорда аспанында әскери авиация ұшақтарының жаттығуы басталады
28 мамыр күні негізгі демонстрациялық шара өтеді
Астана қаласында 2026 жылғы 28 мамырда ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы іс-шаралары аясында жойғыш ұшақтардың демонстрациялық ұшуы өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мекеменің мәліметінше, аталған шараға дайындық жұмыстары алдын ала басталады. Авиацияның ұшу кестесіне сәйкес, 24 мамырдан бастап елорда әуе кеңістігінде әскери авиацияның жаттығу ұшулары басталады. Ал 28 мамыр күні негізгі демонстрациялық шара өтеді.
Қорғаныс министрлігі жойғыш ұшақтардың ұшуы мен жаттығу шаралары қауіпсіз биіктікте өтетінін және қала өмірінің қалыпты ырғағын бұзбайтынын атап өтті. Дегенмен, елорда тұрғындары мен қонақтарына арнайы үндеу жасалды.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жаттығулар мен демонстрациялық ұшу кезінде шу деңгейінің уақытша қысқа мерзімге көтерілуіне түсіністікпен қарауды сұраймыз», — делінген ресми хабарламада.
Министрлік өкілдері барлық ұшу жұмысы қауіпсіздік талаптарына толық сай ұйымдастырылғанын және халық үшін ешқандай қауіп төндірмейтінін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған ұқсас әскери авиацияның жаттығулары Астана аспанында мамыр айының ортасында да өткен болатын. Ол кезде 15 мамырдағы негізгі көрсетілім алдында 10 мамырдан бастап дайындық ұшулары ұйымдастырылған еді.