Қазақстанда жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы іске қосылады
Жоба 17 мамырда басталады
Қазақстанның жауын-шашынды жасанды жолмен шақыру жобасы ресми түрде іске қосылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Осылайша Қазақстан Орталық Азияда жасанды жаңбыр технологиясын тәжірибеде қолдануға көшкен алғашқы ел атанып отыр.
Жоба су қоймаларын толтыру деңгейін арттыруға және елдің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны толық көлемде іске асыру 2026 жылғы 17 мамырда басталады.
Технология Түркістан облысындағы жалпы аумағы 911 мың гектардан асатын егістік жерлерде құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға арналған. Жоба 1980 жылдардың соңынан бері ауа райын өзгерту және жауын-шашынды жасанды көбейту технологияларымен айналысып келе жатқан БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады.
Жоба суға сұраныс жоғары аймақтарда, ең алдымен ауыл шаруашылығы жерлерінде іске асырылады. Жұмыс жүргізілетін аумақтарды метеорология қызметінің мамандары мен тиісті мемлекеттік органдар ауа райы жағдайын, экологиялық ахуалды және су қажеттілігін ескере отырып бірлесіп анықтайды.
Технологияның әсер ету аумағы жергілікті сипатта болады және радиусы 5 шақырымнан аспайды. Ол ауқымды табиғи құбылыстардың қалыптасуына әсер етпейді. Жұмыстарды жүргізу үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.
Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10–20 пайызға дейін арттыра алады. Мұндай технологиялар Қытайда, АҚШ-та, БАӘ-де, Францияда және Сауд Арабиясында белсенді қолданылып келеді.
Жоба іске асқан жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз ету тиімділігі артып, құрғақшылықтан келетін шығын азаяды және өнімділіктің өсуіне ықпал етеді деп күтіледі. Ал ықтимал экономикалық тиімділігі жылына 35 млрд теңгеге дейін бағаланып отыр.