Қазақстанда жусан аллергиясына қарсы отандық вакцина сынақтан өткізіліп жатыр
Клиникалық зерттеуге 138 пациент қатысуда. Жаңа препарат 2024–2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында сынақтан өтуде
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жобаның мақсаты – елде кең таралған маусымдық аллергияның біріне қарсы тиімді әрі қолжетімді отандық дәрі әзірлеу.
Мамандардың айтуынша, жусан тозаңына аллергия әсіресе жаз-күз мезгілінде күшейеді. Ол мұрыннан су ағу, түшкіру, көзден жас ағу және тыныс алудың қиындауы сияқты белгілермен қатар жүреді.
Препаратты қазақстандық ғалымдар рекомбинантты аллерген негізінде әзірлеген. Ол халықаралық GMP стандартына сай OtarBioPharm кәсіпорнында өндіріледі. Дәрінің басты артықшылықтарының бірі – емдеу курсының қысқалығы. Терапия аптасына бір рет салынатын төрт теріасты екпесінен тұрады.
Бұған дейін еріктілердің қатысуымен клиникалық сынақтың алғашқы кезеңі аяқталған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, ауыр жанама әсерлер тіркелмеген, ал қатысушыларда аллергенге сезімталдықтың төмендегені байқалған.
«2026 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық сынақтың екінші кезеңін өткізуге ресми рұқсат берді. Зерттеу “Медцентр-Рахат” базасында жүргізіліп жатыр. Оған жусан тозаңына аллергиясы расталған 138 пациент қатысады», – делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл жоба отандық биофармацевтиканы дамыту мен Қазақстанда инновациялық дәрілік препараттар шығарудағы маңызды қадамдардың бірі саналады.