Халықаралық музей күніне орай еліміздің басты жәдігерлері тікелей эфирде көрсетіледі
18 мамыр күні Ұлттық музейде онлайн экскурсия өтеді
TikTok платформасы Халықаралық музей күніне орай Museums Come Alive жаһандық жобасын бастады. Мәдениет пен өнерді жастар арасында танымал етуді көздейтін бұл бастамаға биыл Қазақстанның ірі мәдени ошақтары да ресми түрде қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоба аясында дүниежүзінің жетекші музейлерімен қатар еліміздің бас мәдени орталықтарынан тікелей эфирлер мен виртуалды экскурсиялар ұйымдастырылады.
18 мамыр күні сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін Almaty Museum of Arts заманауи өнер музейінен алғашқы тікелей трансляция басталады. Эфирді танымал виолончельші Нұржан жүргізеді.
Виртуалды саяхат барысында көрермендер музейдің ерекше сәулеттік шешімдерімен және заманауи талапқа сай жабдықталған көрме залдарымен таныса алады. Сонымен қатар, қазақстандық және әлемдік суретшілердің заманауи өнер туындылары ұсынылмақ. Бағдарлама аясында суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Я все понимаю» атты ретроспективті көрмесі де назарға ұсынылады. Бұдан бөлек, Орталық Азиядағы қонақжайлылық пен миграция мәселелерін арқау еткен «Қонақтар» экспозициясы көрерменге терең ой салмақ.
Дәл осы күні кешке, сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі желі қолданушылары үшін есігін онлайн айқара ашады. Мәдени шара танымал блогер Жұлдыз Рахметтің қатысуымен «Музейдегі түн – 2026» акциясы аясында өтпек.
Онлайн-экскурсия барысында көрермендерге еліміздің ең құнды тарихи жәдігерлері, соның ішінде Есік Алтын адамы, Тобыл ойшылы және палеонтология залындағы ежелгі жануарлардың сүйектері көрсетіледі.
TikTok өкілдерінің мәлімдеуінше, жобаның басты мақсаты — тарих, өнер және мәдени контентті жас аудиторияға заманауи форматта, қолжетімді етіп жеткізу. Ол үшін қосымшада эфирлер кестесі мен қатысушылар тізімі жарияланған арнайы Museums Come Alive парақшасы ашылады.
Айта кетейік, ауқымды бастамаға Қазақстаннан бөлек Нью-Йорктегі Заманауи өнер музейі, Чикагодағы Pokémon Fossil Museum және Каирдегі Abdeen Palace Museum сияқты әлемдік деңгейдегі танымал мәдениет ошақтары қатысады.