Алимент төлеуден қашып жүрген: Өскеменде ер адам сот орындаушысын соққыға жықты

Оқиға сәуір айының соңында болған

Алимент төлеуден қашып жүрген: Өскеменде ер адам сот орындаушысын соққыға жықты
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, облыс орталығының 52 жастағы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның әрекеті «Бұзақылық» бабы бойынша қаралады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Yk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Республикалық жеке сот орындаушылары палатасында сәуір айының соңында болған шабуылдың мән-жайын баяндады.

Өскеменде кешкі сағат 19:00 шамасында жеке сот орындаушысы қызметтік міндетін атқару кезінде алимент бойынша борышкердің мекенжайына жеке көлігімен барған. Үй маңында тұрған кезде оған бейтаныс ер адам жақындап, дабыл белгісін басқаны үшін дөрекі түрде ескерту жасаған. Әйелдің сот орындаушысы екенін білген соң, агрессия танытып, алдымен оның көлігіне тас лақтырған, кейін соққыға жығып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Оның атқарушылық іс жүргізу тараптарына қатысы жоқ екені белгілі болды.

Ведомствода тергеу ісі Палатаның бақылауында екені хабарланды.

Күдіктіге қатысты келу міндеттемесі түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы қолданылды. Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары сотқа жолданады.