«Оның шынайы өкінгеніне сенбеймін»: Айтбек Амангелді Байжановтың жазасын жеңілдетуге қарсы шықты

Нүкенованың ағасы сотталушы бір сот отырысында өзін мүлдем кінәсіз деп санайтынын айтқан дейді 

«Оның шынайы өкінгеніне сенбеймін»: Айтбек Амангелді Байжановтың жазасын жеңілдетуге қарсы шықты
Фото: видеодан скриншот

Астана қаласындағы кассациялық сотта Бақытжан Байжановтың жазаны жеңілдетуге қатысты апелляциялық соты өтіп жатыр. Сотта Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сөз сөйлеп, Байжановтың жазасын жеңілдетуге қарсы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін айтылған мәселелерге келсек, қоғамдық қорғаушы тарапынан оның тек бір тәртіптік бұзуы бар екені, сондықтан оны ескермеу қажет деген пікір айтылды. Алайда өткен сот отырыстары барысында екі тәртіптік жаза бар екені анықталды. Солардың бірі бойынша соттың бастамасымен прокуратура тартылып, мекемеде тексеру өткен. Оның заң бұзғаны расталған. Соған қарамастан, Бақытжан Байжанов бұл тәртіп бұзуды мойындамайды. Ол қамауда ұстау тәртібін біле тұра, кейбір ережелерді елеусіз деп санайды және мұндай жағдайлар үшін ауыр жаза қолдануды әділетсіз деп есептейді. Бұл оның заңдар мен ережелерді жүйелі түрде бұзуға бейім екенін көрсетеді», - деді Айтбек Амангелді.

Ол атағандай, әр сот отырысы барысында Байжанов пен оның қорғаушылары оны ( Айтбек Амангелдіні-авт.) бұл процеске қатыстырмауды сұрап келеді.

«Алайда сот әр жолы оған жол беруге болмайтынын түсіндіріп отыр, себебі мен жәбірленуші тарап ретінде бұл іс бойынша толық қатысу құқығына иемін. Соған қарамастан, бұл мәселе әр отырыста қайталанып келеді. Жалпы, қазіргі қаралып жатқан өтініштерде сот үкімін қайта қарау немесе жазаны қысқарту туралы мәселелер көтеріліп отыр. Бұған негіз ретінде айыпталушының өкініші бар-жоғы, түзелу деңгейі сияқты факторлар алға тартылып отыр», - дейді ол.

Айтбек Амангелдінің пікірінше, алайда оның шынайы өкінгені күмән тудырып отыр.

«Өткен өтініштерінде қорғаушылар екі түрлі ұстаным білдірген: бірі үкімді толық қайта қарау, екіншісі жазаны қысқарту. Сот отырыстарында да айыпталушының өкініші мен түзелуге ұмтылысы туралы әртүрлі мәліметтер айтылды. Кейбір құжаттарда оның өкініш білдіріп, бостандыққа шығуға дайын екені көрсетілген. Алайда соңғы отырыстардың бірінде соттың рұқсатымен мен қойған сұраққа ол өз кінәсін мойындамайтынын, яғни кінәсіз екенін айтты. Осылайша, бір жағынан ол түзелгенін және жауапкершілікті түсінетінін көрсетсе, екінші жағынан кінәсін мойындамайтынын мәлімдейді. Бұл жағдай оның ұстанымдарының қайшылықты екенін көрсетеді», - дейді Айтбек Амангелді.