Ақтауда полицей 1,5 жасар сәбиді қағып кетті: бүлдіршін сол жерде тіл тартпай кетті

Қайғылы оқиға 13 мамыр күні болған

Ақтауда полицей 1,5 жасар сәбиді қағып кетті: бүлдіршін сол жерде тіл тартпай кетті
Фото: Lada.kz

Ақтауда полиция қызметкері қызметтік көлігімен бір жарым жастағы баланы қағып кетті. Сәби алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 13 мамыр күні Ақтау қаласында 27-шағынаудандағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болды.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік көлік тұрғын үйдің алдындағы жолда кішкентай баланы қағып кеткен. Бүлдіршін есін жимастан сол жерде көз жұмған.

Көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі – көлік жүргізген адамның жол қозғалысы ережесін бұзуы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бейресми мәліметтерге сәйкес, жүргізуші медициналық куәландырудан өткен. Сараптама нәтижесінде ішімдік немесе есірткілік масаңдық белгілері анықталмаған.

Полиция департаментінің басшылығы істі ерекше бақылауға алған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.