Сайлау қорынан тыс қаржылай көмек алған әкімдерге айыппұл салынады
Олар 237 мыңға дейін айыппұл арқалауы мүмкін
Сайлау қорларынан тыс қаржылық және өзге де материалдық көмек алғаны үшін жеке тұлғаларға 25, ал заңды тұлғаларға 55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік енеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілістің жалпы отырысында «Әкімшілік құқық бұзу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы және «кейбір заңнамалық актілерге сайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайлы премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтып берді.
Осыған дейін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.
Аталған Конституциялық заң жобасының нормаларын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген ілеспе заң жобалары бар.
«Онлайн-платформаларды пайдалануды және барлық кандидаттар үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуді реттейтін нормалар енгізілді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте онлайн-платформаларда үгіт материалдарын орналастырудан бас тартқаны және кандидаттар үшін тең емес жағдайлар жасағаны үшін жеке тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларынан басқа, өзге де материалдық көмекті қабылдауға тыйым салынды», - деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, сайлау қорларынан тыс қаржылық және өзге де материалдық көмек алғаны үшін жеке тұлғаларға 25, ал заңды тұлғаларға 55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
«Бұдан басқа, қолданыстағы Конституциялық заңда қаржыландыру ережелерін бұзған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу жөніндегі шешiмнiң күшiн жою туралы конституциялық жауапкершілік көзделгенін де атап өту қажет», -деді ол.