Су тасқыны кезеңі әлі аяқталған жоқ: Риддерде өзендер арнасынан тасып жатыр (ВИДЕО)
Громотуха өзені арнасынан тасып, қатты ағысқа айналған
Қазақстанның шығысында су тасқыны кезеңі әлі аяқталған жоқ. Қардың еруімен қатар, нөсер жауын да жағдайды қиындатты. Аймақтағы бірқатар өзен арнасынан тасып жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Yk-news.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мамыр мерекелері кезінде Громотуха, Журавлиха, Кедровка, Үлбі және басқа да өзендерде су деңгейі айтарлықтай көтерілгені байқалған.
Громотуха өзені қазір арнасынан тасып, қатты ағысқа айналған. Лай су көпірге дейін жетуге шақ қалған. Жағдай расымен де алаңдатарлық. Жергілікті тұрғындар өзен деңгейі осылай көтеріле берсе, маңайындағы үйлерді су басуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Риддер қалалық төтенше жағдайлар басқармасы су тасқынына қатысты жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді. Әзірге ресми дерек бойынша, ешқандай су басу жағдайлары болмаған.
«Тұрғындардан жекеменшік аулалар мен үйлерді су басты деген хабарлама түскен жоқ. Жағдай бақылауда», – деді ТЖ басқармасының басшысы Евгений Тарасов.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша «Қазгидромет» филиалының мәліметінше, нөсер жауын салдарынан өңірдегі өзендерде су деңгейі күрт көтерілген.
«Лениногорск» метеостанциясының дерегіне сәйкес, 10 мамыр күні бір тәулікте 20 мм жауын жауған.
«Риддер қаласының маңында гидрологиялық бақылау Үлбі және Шаравка өзендерінде жүргізіліп жатыр. 11 мамыр күні Үлбі өзенінде (Каменный Карьер ауылындағы гидробекет) су деңгейі бір тәулікте 62 сантиметрге көтерілді», – деп хабарлады «Қазгидромет» филиалы.
Сонымен бірге, барлық гидробекетте су деңгейі қауіпті межеге жетпеген. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, қазіргі жағдай тұрақты.