Ата-анасының салғырттығы: бойжеткен 23 жыл бойы құжатсыз өмір сүрген, мектепке де бармаған
Ол тіпті балабақшаны да көрмеген
Ресейде бойжеткен 23 жасына дейін құжатсыз өмір сүргені, ата-анасының көзқарасына байланысты мектепке де бармағаны анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі gubdaily.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Краснояр өлкесінің Турухан ауданындағы шалғай ауылдардың бірінде 2003 жылы дүниеге келген қыз бала осы уақытқа дейін ешбір ресми құжатсыз өмір сүріп келген. Бұған ата-анасының діни ұстанымы себеп болған, деп хабарлайды Краснояр өлкесі соттарының Біріккен баспасөз қызметі.
Қыз үй жағдайында, дәрігерлердің көмегінсіз өмірге келгендіктен, оған медициналық туу туралы анықтама берілмеген. Кейін ата-анасы діни сеніміне байланысты баланы АХАТ органдарында тіркеуден бас тартқан. Олар дәл осындай шешімді өзге де балаларына қабылдаған.
Құжаттарының болмауына байланысты бойжеткен ешқашан мектепке де, балабақшаға да бармаған. Айта кетерлігі, олардың ауылында мұндай мекемелер мүлде болмаған. Оның өмір сүретінін растайтын жалғыз құжат – көрші ауылдағы амбулаторияда сақталған медициналық картасы болған.
Құжат рәсімдеуге мүмкіндік алу үшін бойжеткен сотқа жүгініп, өзінің туғанын заңды түрде анықтауды сұраған. Судья ұсынылған дәлелдерді, оның ішінде медициналық жазбалар мен куәгерлердің түсініктемелерін зерттеп, бойжеткеннің дүниеге келгені расталған деген қорытындыға келген.
Енді ол туу туралы куәлік, паспорт және медициналық сақтандыру полисін рәсімдей алады.