«Таза Қазақстан»: Өскеменде экологиялық саябақ ашылды
Жобаның тағы бір маңызды тұсы – оның бюджет қаражатын жұмсамай іске асырылуы
Шешек асуында ерекше нысан бой көтерді. Жаңа саябақтың аумағы Шығыс Қазақстан облысының картасы түрінде жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімі, қала мен аудандардың басшылары, зиялы қауым өкілдері және белсенді жастар қатысты. Нысанның басты ерекшелігі – оның құрылымында. Саябақ аумағы Шығыс Қазақстан облысының картасын бейнелейді. Ондағы әрбір қала мен ауданға жеке учаске бөлінген. Жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар өздеріне тиесілі аумақты бірлесе абаттандырып, ағаш егу жұмыстарын жүргізуде.
Жобаның тағы бір маңызды тұсы – оның бюджет қаражатын жұмсамай іске асырылуы. Экологиялық саябақ облыстағы аудандар мен қалалардың күш біріктіруі арқылы салынып жатыр. Бұл бастама әлеуметтік жауапкершілік пен өңірді дамытуға қосылған ортақ үлес ретінде бағаланды.

Жоспарға сәйкес, саябақ аумағына жалпы 6 000 түп көшет егу көзделген. Ашылу күнінде қатысушылардың өздері 1 000-нан астам ағаш екті. Әр ауданның аумағы кезең-кезеңімен көгалдандырылып, біртұтас жасыл аймаққа айналады.
Шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығы туралы айтқан сөздері еске алынды. Президент қоршаған ортаға ұқыпты қарау әрбір азаматтың күнделікті мәдениетіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Шешек асуындағы бұл саябақ тек табиғатты қорғаудың символы ғана емес, сонымен қатар тұрғындар мен туристер үшін тартымды демалыс орнына айналмақ. Болашақта мұнда отбасылық демалыс пен жастардың бас қосуына арналған жайлы инфрақұрылым құрылады.