ШҚО-да полицейлер жүкті әйелді дер кезінде перзентханаға жеткізді
Көлік ішіндегі жүкті жарының толғағы басталып, жедел жәрдем бригадасын күтуге уақыт тығыз болған
Шығыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері жол үстінде шұғыл көмек көрсетіп, болашақ ананың перзентханаға дер кезінде жетуіне септігін тигізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 2026 жылдың 10 мамырында таңертең «Өскемен – Шемонаиха» тас жолының 9-шақырымында болған. Жол қауіпсіздігін қадағалап тұрған тәртіп сақшыларына жеңіл көлік жүргізушісі келіп, көмек сұраған. Ер адамның айтуынша, көлік ішіндегі жүкті жарының толғағы басталып, жедел жәрдем бригадасын күтуге уақыт тығыз болған.
Патрульдік полиция қызметкерлері еш ойланбастан көлікті бастап жүру туралы шешім қабылдаған. Олар жедел түрде жарық-дыбыстық сигналдарды қосып, кептелістерге қарамастан автокөлікті қалалық Ана мен бала орталығына дейін қауіпсіз әрі жылдам жеткізген.
Тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында әйел адам медициналық мекемеге дер кезінде жеткізілді. Қазіргі уақытта болашақ ана дәрігерлердің бақылауында.