Қостанай облысында жер үй өртеніп кетті
Өрттің жалпы аумағы 60 шаршы метрді құрады
Қостанай облысында түн ортасында тұтанған өртті сөндіруге жергілікті ерікті құтқарушылар жұмылдырылды. Ұзынкөл ауданындағы жер үйлердің бірінен шыққан тілсіз жау ауыздықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Ұзынкөл ауданына қарасты Пресногорьковка ауылында болған. Түнде жер үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен бойда, оқиға орнына бірінші болып «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының өрт сөндіру бекетінің мамандары жеткен.
Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында оттың көрші нысандарға жайылуына жол берілмеді. Өрттің жалпы аумағы 60 шаршы метрді құрады. Құтқарушылар мен өрт сөндіру бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде өрт толықтай жойылды.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.